Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты аяқтау бойынша "негізгі" құжаттар дайын болғанын мәлімдеді. Дүйсенбі күні Киевте журналистердің сұрақтарына жауап берген Зеленский осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл құжаттарда әлі де даулы пунктер бар, алайда 20 пунктіден құралған бейбітшілік жоспары бейбітшілік келіссөзінің өзегі болып қала береді.
Зеленскийдің айтуынша, 23 желтоқсанда таңертең ол Майамиден оралатын украин делегациясы мүшелерінен ақпарат алмақ. Майамиде бұған дейін украин делегациясы АҚШ өкілдерімен кездескен.
Киевтегілер сонымен бірге АҚШ жағынан Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесудің қорытындысы туралы ақпаратты да күтіп отыр. Украина мен Ресей делегациясымен қатар кездескен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф бұған дейін кездесудің "конструктивті" өткенін айтқан.
Зеленскийдің сөзінше, 20 пунктіден құралған құжатта сонымен бірге АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруі туралы тармақтар бар. Оның сөзінше, құжатты екі елдің өкілдері әзірлеген. "Біз шынайы нәтижеге жетуге аз қалдық" деді ол. Бұған қоса, соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру туралы құжат жобасы да әзірленіп жатыр.
Зеленскийдің айтуынша, қауіпсіздікке кепілдік беру бірнеше деңгейден құралған, арасында шамамен 30 елден құралған "ниет етушілер коалициясының" қимылы да бар. Зеленскийдің сөзінше, олар "жер мен көкте де, теңізде де Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етеді". АҚШ қауіпсіздігі жеке талқыланады. Зеленскийдің айтуынша, құжатты АҚШ Конгресі мақұлдауы керек.
Бұған дейін БАҚ бейбітшілік туралы жоспарда жер мәселесі әлі шешілмегенін жазған. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс UnHerd-ке берген сұхбатында келіссөздің "алға жылжығанын" айтқан. Ол Ресейдің Донецк облысына тұтас бақылауды талап етіп отырғанын растап, Украина қазіргі кезде бұл талаппен келіспей отырғанын айтқан. Осы жайт келіссөздегі "айтарлықтай кедергі" болып отыр.
Бұған қоса, Джей Ди Вэнстің сөзінше, Запорожье атом электр станциясына бақылау, Украинадағы орыстар мен Ресейдегі украиндардың статусы мәселесі, соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру мәселелерінде де шешілмеген тұстар бар.
"Бейбіт шешімге келеміз деп сеніммен айта алмаймын. Менің ойымша, бұған жетеміз дегеннен гөрі бұған жетпейміз деген жағы басымдау болып тұр" деді АҚШ вице-президенті.