Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жазып, соғысты тоқтатып, тіке келіссөз жүргізуге шақырды. Украина президенті бейтарап аумақта АҚШ пен Еуропа елдерінің қатысуымен бетпе-бет кездесу өткізуді ұсынды.
"Соғыстан кетуден қорықпаңыз – бұл қазір сізден қажет ең басты нәрсе", - деп жазды Зеленский.
Хатта ол соғыс үшін жауапкершілікті Путинге жүктеп, бұл оның саналы таңдауы болғанын айтты.
"НАТО дейсіз бе, геосаясат, орыс тілі дейсіз бе, қалай болғанда бұл соғыс – сіздің жеке таңдауыңыз, нақты себебі жоқ соғыс" деп жазылған хатта.
Зеленский Ресей қоғамын соғыстың салдары әбден мезі еткенін айтты. Оның сөзінше, ресейліктерге «біздің дрондарымыз бен зымырандарымыз», «бензин тапшылығы мен қымбатшылық» және «түбі көрінбей кеткен соғыс» ұнамайды
Украина президентінің сөзінше, бұл мезетте Ресей майданда ауыр шығынға ұшырап жатыр.
"Кеше мамыр айына арналған сіздің әскеріңіздің Украинадағы соғыстағы шығыны туралы есеп алдым. Тағы 30 мыңнан астам ресейлік жараланған немесе қаза болған" деп жазды ол.
Зеленский Киев пен Мәскеу арасында тіке келіссөзді бастауды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай кездесу Швейцария, Түркия немесе араб елдерінің бірінде өтуі мүмкін.
"Негізгі мәселелерді көшбасшылар шешеді - әрқашан солай болған" деп мәлімдеді ол.
Зеленский алғашқы қадам ретінде келіссөз жүрген шақта атысты тұтас тоқтатуды, "бәріне бәрі" формуласы бойынша тұтқын алмасу, сонымен бірге соғыс кезінде әкетілген азаматтар мен балаларды қайтаруды ұсынды.
"Украина соғысты аяқтауды ұсынады. Мұны адал, абыройлы түрде жасау керек және қайтадан соғыс болмайтындығына кепілдік болу керек" деді Украина басшысы.
Зеленский хаттың соңында келіссөзден бас тартқан жағдайда Украина одақтастарының көмегімен қарсыласа беретінін ескертті.
"Соғысты аяқтайтын кез келді деген ойға келмейінше Украина өзінің мемлекеттілігі үшін күресе береді" деді ол.
Кремль өкілдері Украина басшысы Владимир Зеленскийдің соғысты аяқтап, келіссөз жүргізу туралы ашық хатын көргенін растады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Владимир Путинге хат жөнінде хабар беріледі. Песков егер Зеленский Путинмен кездескісі келсе, Мәскеуге келе алады деп мәлімдеді.
Украина басшысының хаты жарияланғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Путин мен Зеленскийдің ықтимал кездесуін қолдады.
"Олардың кездесу жөнінде айтып жатқаны қуантады. Біз соған әсер ете алдық деп ойлаймын. Егер кездессе, тамаша болар еді. Олар солай жасауы керек" деді Трамп журналистерге.
АҚШ басшысы тараптардың өзара келісе алатындығына сенім білдірді. "Екеуі де ымыраға барады, сол ымыраны мен ұсынғанмын" деді ол.