Зеленский Трамппен әңгімеде Путинмен АҚШ-та кездесу мүмкіндігін талқылаған

Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлескен кезде Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен АҚШ-та Украина – Ресей – АҚШ форматында саммит өткізу мүмкіндігін талқылағанын мәлімдеді.

Украина президенті тараптар бұған дейін Путинді Франциядағы халықаралық саммиттердің біріне шақыру мүмкіндігін де қарастырғанын айтты. Зеленскийдің сөзінше, жаңа форматтағы кездесудің мақсаты – Кремль үшін келіссөзден бас тартуды қиындату болмақ. "Егер Ресей бұл мүмкіндіктен де бас тартса, қосымша қысым қажет болады", деді ол.

Мәскеу мен Вашингтон әзірге бұл мәлімдемеге пікір білдірген жоқ. Ал Трамп Францияға сапары кезінде Путин мен Зеленскийдің соғысты тоқтату үшін "бірдеңе жасауға дайын" екені жайлы әсер қалдырғанын айтты.