Зеленский Украина АҚШ-тың қолдауынсыз соғысты жалғастыра ала ма деген сұраққа жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі, 18 қазан күні АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен телефонмен сөйлескен. Олар америкалық және украиналық делегациялардың 9 қазанда Флоридада өткен кездесуінің қорытындысын талқылаған.

Зеленский әңгіменің нәтижесін хабарлаған жоқ. Ол тек Украина бейбітшілікті жақындату және АҚШ-пен ынтымақтасу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты. Оның сөзінше, Киев серіктестерін Ресейдің шабуылдары мен әуе қорғанысының жағдайы жөнінде үнемі хабардар етіп отыр.

"Бұл жерде көп нәрсе Американың ұстанымына байланысты. Украина алдағы уақытта да сындарлы, адал жұмыс істеуге және нақты нәтижеге қол жеткізуге дайын", – деп жазды ол.

Бұған қоса 18 қазанда NBC News телеарнасына сұхбатында Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың "Линдси Грэм заңы" деп аталатын санкциялық шараларды іске қосудан бас тартқаны жайлы сұраққа жауап берді. Ресей президенті Владимир Путин өзін жеңімпаз сезінетін шығар деген Зеленскийдің болжамынша, осыдан кейін Кремль Ресей газына салынған санкцияларды алып тастау және бұғатталған ресейлік активтерді босату мәселесін көтереді деген ойын айтқан.

Зеленский Трамптың мәлімдемелеріне қарсы уәж келтіріп, АҚШ пен әлемде бензин мен дизель бағасының өсуіне Украина әскерінің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруі себеп емес деді. Оның сөзінше, бағаның өсуіне Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын бөгеп тастағаны себеп болған.

Украина президенті елдегі Starlink спутнигі арқылы байланысты шектеу туралы бұйрықты АҚШ үкіметі бергеніне сенімді екенін айтты. Оның пікірінше, SpaceX компаниясы тек техникалық жұмысты атқарған. Зеленский Украина әскері пайдаланатын Starlink байланысы әлі толық қалпына келмегенін, оның ең жоғары жылдамдығы 161 километрмен шектеліп тұрғанын хабарлады.

Ол АҚШ үш күн бойы Украина әскеріне барлау деректерін бермегенін, бірақ қазір ақпарат алмасу қайта басталғанын растады. Украина барлау мәліметтерін өзге көздерден де алады. Алайда Ресейдің баллистикалық зымыран ұшыруын бақылауда дәл америкалық деректерге сүйенеді және үш күн бойы сондай ақпаратсыз қалдық деп түсіндірді Зеленский.

Зеленский Трамп қабылдаған шешімдерін, Ресей мен оның президенті Владимир Путинге көзқарасын өзгертеді деп үміттенетінін айтты. Жексенбі күні NBC News жүргізушісінің сұрағына ол:

"АҚШ-сыз бізге өте қиын болады. Бірақ АҚШ ресми түрде Путиннің жағына шығып, Ресейді қолдаса, біз төтеп бере алмаймыз. АҚШ президенті біздің жағымызда болады немесе тым болмағанда екі жақтың ортасында тұрады деп үміттенеміз", – деп жауап қатты.

NBC News АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің де пікірін сұрады. Министр АҚШ үкіметі Украинадағы Starlink байланысын баяулатуға араласты деген Зеленскийдің сөзін үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны "байыпсыз мәлімдеме" деп атады және өзі шындыққа сай емес деп есептейтін мұндай мәлімдемелерге сақ болуға кеңес берді.

Бессент Трамп Ресейге салынған санкцияларды алып тастамағанын, тек "жағдайға қарап, не болып жатқанын түсіну үшін 60 күндік үзіліс жасағанын" айтты. Оның сөзінше, тек дизель отынына салынған эмбарго алынған.

Телехабар жүргізуші АҚШ Украинаның одақтасы ма деген сұрақты үш қайыра қойғанымен, Бессент өзінің президент те, Мемлекеттік департамент басшысы да емес екенін айтып, ол сұраққа тікелей жауап бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зеленский: Украинада Starlink жылдамдығы шектеулі, бұл реактивті дронды атып түсіруге кедергі жасайдыТрамп Ресейге қарсы "Грэм заңындағы" шектеулерді қолдануды тоқтаттыЗеленский Трампты ашық сынауға көшті. Бұған Еуропа алаңдап отырТрамп АҚШ Киевке барлау деректерін беруді доғармағанын растадыТрамп Ресей мен Украинаның "энергетикалық бітімге" келіскенін тағы айтты