31 мамырда CBS News арнасынан көрсетілген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский Украина қарулы күштерінің үшінші армия корпусының қолбасшысы Андрей Билецкийдің Украинаның майдандағы бастаманы қолына алу және келіссөз жүргізуде позициясын нығайту үшін алты айдан тоғыз айға дейін уақыты бар деген сөзіне келісетінін айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылғы желтоқсаннан бастап Ресей әскерінің зор шығындарға ұшырауына байланысты майдандағы жағдайы бұрынғыдай емес, әлсіреген. Бұл жағдай, Зеленскийдің пікірінше, Ресей мен Украинаға келіссөз өткізуге уақыт қалдырып отыр.
"Енді олар бізге зымырандармен жаппай шабуыл жасай бастады, және де, бұлай істеуінің басты себебі - олар майданда жеңіле бастады. Олар бір айда басып алған аумақ сол айда айырылған жерден аспады", деді Украина президенті сұхбатында.
Зеленский Украина мен Ресейдің "қыс мезгіліне дейін отырып, сөйлесудің жолын табуға" мүмкіндігі бар деп есептейді.
"Бірақ бұл Путинге, оның қоғамындағы қысымға (ол қысым күшейіп келеді деп ойлаймын) және санкциялар қысымына байланысты болмақ: оларды алып тастамай, жаңаларын енгізу керек", деді ол.
Келіссөз процесіне еуропалық елдердің қатысу мүмкіндігі жайлы сөзінде Зеленский оған "үштік" елдері – Ұлыбритания, Франция және Германия – қатыса алар еді деген ойын айтты. Сонымен бірге ол басқа елдер де қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады, тек шешімді Украина мен Еуропа бірлесіп қабылдауы керек екенін айтты.
Зеленский сұхбатында Ресейге заңсыз әкетілген украин балалары мәселесіне де тоқталып, Ресей жағы оларды ресейлік әскери тұтқындарға айырбастауды ұсынғанын, мұнысы жосықсыз екенін мәлімдеді. Бұған қоса ол 18 жасқа толмай тұрып Украинадан Ресейге әкетілгендердің кейбірі кәмелетке толғаннан кейін Ресей армиясы қатарында Украинадағы соғысқа қатысуға жіберілгені туралы ақпарат барын айтты.