Зеленский: Украинаға бір аптада 1300-ден астам ресейлік дрон шабуылдады

Ресейлік дрон шабуылынан кейін әуеге көтерілген түтін. Украина, Киев, 12 қаңтар, 2026 жыл.

Кейінгі бір аптада Ресей күштері Украина аумағына 1300-ден астам соғыс дронымен, шамамен 1050 басқарылатын авиациялық бомбамен және түрлі үлгідегі 29 зымыранмен шабуылдаған. Мұндай деректі Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.

Оның айтуынша, жексенбіге қараған түні Ресей әскерінің шабуылдары салдарынан ондаған адам зардап шеккен, арасында бір бала да бар. Кейінгі деректерге сәйкес, екі адам қаза тапқан. Жалпы 18 қаңтарға қараған түні Ресей Украинаға 201 дронмен шабуыл жасаған, оның 167-сі жойылған.

"15 нысанға 30 дрон дөп түскені тіркелді, сондай-ақ тағы екі жерде әуеден атып түсірілген дрон қалдықтары құлады", – деп хабарлады Украина әскерінің әуе күштері.

Харьков қаласында, облыстық прокуратураның мәліметінше, жеке тұрғын үйге дрон түскен. Салдарынан 20 жастағы әйел қаза тауып, тағы бір жергілікті тұрғын жараланған.

Днепропетров облысында дрондар Синельников ауданына қарасты елдімекенге шабуыл жасап, алты адам зардап шеккен.

Ал Сумы қаласында ресейлік күштер шабуылынан 7 жасар бала мен үш әйел жараланған. Сонымен қатар Ресей әскері Одесса облысының энергетика инфрақұрылымын тағы да нысанаға алған.