Зеленский "жақын арада" Трамппен кездесетінін хабарлады

Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский "жуық арада" АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесетінін айтты.

"Жаңа жылға дейін көп нәрсе шешілуі мүмкін. Украина жасасын" деп жазды Зеленский.

Kyiv Post-тың жазуынша, Украина президенті жуық арада АҚШ-тың Флорида штатына келіссөзге барады. Басылым дереккөздерінің бірінің сөзінше, егер бәрі ойдағыдай жүзеге асса, кездесу 28 желтоқсанда өтуі мүмкін.

Америка жағы әзірге кездесу жөнінде ақпарат таратпады.

Бұған дейін Майамиде Украина, Еуропа елдері мен АҚШ арасында бірнеше келіссөз өткен. Соның нәтижесінде Киев пен оның Еуропадағы одақтастары 20 пунттен құралған бейбітшілік жоспарын құрған.

Бұған дейін Зеленский сол жоспардың жай-жапсарын айтқан.

Кремльге жақын дереккөзге сүйенген Bloomberg агенттігі Мәскеу бейбітшілік жоспарына өзгеріс енгізуге талпыныс жатқанын жазған.

Басылымның дереккөзіне сүйенсек, Ресей НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймейтініне және Украина Еуродаққа кірген жағдайда бейтарап мәртебесін сақтайтынына кепілдік алғысы келеді.