Зеленскийдің бұрынғы баспасөз хатшысы мемлекетке сатқындық жасау бабы бойынша күдікке ілінді

Президент Владимир Зеленскийдің баспасөз хатшысы Юлия Мендель. 2019 жыл.

Украина қауіпсіздік қызметі мен бас прокурор кеңсесі президент Владимир Зеленскийдің бұрынғы баспасөз хатшысы Юлия Мендель мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша күдікке ілінгенін хабарлады.

Украина қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, Мендель "Украинаға ақпараттық нұқсан келтірумен айналысқан". Іс материалдарына оның шетел ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде айтқан сөздері енген. Бұл жөнінде "Украинская правда" жазды.

«Кешенді шаралар мен тиісті сараптамалардың нәтижесі бойынша, Мендель өзінің қоғамдық мәлімдемелерінде және әлеуметтік желілердегі жазбаларында Украинаның беделін түсіріп, Кремль режимін және оның біздің мемлекетімізге қарсы бастаған толық ауқымды соғысын ақтағаны анықталды» деп жазылған Украина қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесінде.

Мысал ретінде америкалық журналист Такер Карлсонмен болған сұхбат келтіріледі. Онда Мендель Украинада демократия мен сөз бостандығы жоғын айтады.

Тергеушілердің айтуынша, Юлия Мендель қазіргі кезде Украинада емес. Азаттықтың Украин қызметінің хабарлауынша, ол әлі күнге дейін өзіне тағылған айыптарға реакция білдірген жоқ.

Қыркүйек айында Украина президенті Владимир Зеленский бұрынғы баспасөз хатшысына қарсы санкция енгізді. Шешімде өзге жайттармен қатар Мендельдің Instagram, X және Facebook парақшаларына Украина аумағынан кіруге шектеу қою туралы жазылған. Юлия Мендель 2019 жылдың маусымынан 2021 жылдың шілдесіне дейін Владимир Зеленскийдің баспасөз хатшысы қызметін атқарды.