Зерттеу: Ресей Қытаймен әскери ынтымақтастық және Starlink спутниктерімен күрес жайлы құпия келіссөз жүргізген

Ресей 2023 жылы Қытаймен әскери ынтымақтастық және Starlink спутниктерімен күрес мәселелері бойынша құпия келіссөз жүргізген. Мұны The Insider, Der Spiegel және Le Monde басылымдары бірлескен зерттеуінде жазған.

Онда Қытай мен Ресей ғарыштық қару-жарақ, спутниктерді жою, әуе және зымыранға қарсы қорғаныс, әскери авиация мен әскерді қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты талқылағаны айтылған.

Зерттеуде 2023 жылғы форум материалдары мен Мәскеуде қол қойылған жұмыс хаттамасына сүйенген авторлар құпия келіссөз жүргізген тараптар Starlink жүйесіне қарсы азаматтық терминалдар арқылы кибершабуыл жасау және қытайлық арзан құралдармен спутниктерді жою мүмкіндігін қарастырғанын, сондай-ақ Қытай "Starlink-ке қарсы техникалық альянс" құруды ұсынғанын айтады.

Құжаттарға сәйкес, Мәскеу мен Пекин америкалық гипердыбыстық және баллистикалық зымырандарды қағып түсіруге арналған төмен биіктіктегі әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін бірлесіп әзірлеуге келіскен.

Зерттеуде Ресейдің Украинадағы соғыста қолданып жүрген V2U автономды дроны осы ынтымақтастықтың нәтижелерінің бірі екені айтылған. Бұған дейін Reuters Ресей әскері украиналық дрондардың жұмысын қиындату үшін Starlink жүйесіне радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы кедергі келтіруге тырысып жатқанын хабарлаған еді.