Қазақстанның спорт және туризм министрлігі "Астана" баскетбол клубын қаржыландыруды тоқтатты. Осыдан соң клуб ойыншылары жәрдем сұрап президентке жүгінді. Бұл – Қазақстан спортында кейінгі уақытта қаржы мәселесіне қатысты шыққан кезекті дау-дамай. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева да қаржы мәселелерін шешу үшін шулы мәлімдемелер жасаған.
"АСТАНА" БАСКЕТБОЛ КЛУБЫ АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ДАУ-ДАМАЙ
2011 жылы құрылған "Астана" баскетбол клубы Ресей ұйымдастыратын "ВТБ Бірыңғай лигасында", Қазақстан ұлттық лигасында және Қазақстан кубогы жарысында ойнап жүр. Тамыздың басында осы командаға қаржы бөлу тоқтатылғаны жайлы ақпарат тарады. Іле-шала клуб ойыншылары Instagram арқылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жасап, "клубты сақтап қалуды сұраған".
"Астананың" негізгі командасының жоғалуы Қазақстан баскетболына қатты соққы болады. Бұл жас ойыншылардың дамуына қауіп төндіріп, ұлттық чемпионатты әлсіретеді, ұлттық құрамаға қажетті ойыншыларды дамыту жүйесін бұзып, баскетболдың болашағына үлкен зардабын тигізеді" дейді спортшылар мәлімдемесінде.
Артынша спорт және туризм министрлігі мәлімдеме жасап, "Астана" баскетбол клубының ойын нәтижесі төмендеп кетті деді. Министрлік "Астана" клубы былтыр "ВТБ Бірыңғай лигасында" 44 ойынның екеуінде ғана жеңіске жетіп, соңғы 12-орын алғанын, сегіз жыл ішінде осы жарыстың плей-офф кезеңіне шыға алмағанын айтты. Бұған қоса, "Астана" командасының Қазақстан кубогында да, ұлттық лигада да чемпион атана алмағанын алға тартты.
Қазақстан баскетбол құрамасының негізгі ойыншылары "Астана" клубынан.
Спорттағы бюджеттен тыс қаржыларды бөлумен айналысатын "Sport Qory" операторының басшысы Ерлан Ауғанбаев та мәлімдеме жасап, "Астана" баскетбол клубына кейінгі бес жылда 8 млрд теңге бөлінгенін айтты.
Министрлік те, "Sport Qory" да енді қаржы баскетболдан жастар құрамасын, балалар мен жасөспірімдер баскетболын дамытуға бөлінеді дейді.
Ақшасыз қалған "Астана" Ресей ұйымдастыратын "ВТБ Бірыңғай лигасына" биыл қатыспайтыны айтылды.
МЕМЛЕКЕТТЕН АҚША СҰРАҒАН СПОРТШЫЛАР
Қаржы мәселесіне тап болған спортшылардың мемлекеттен ақша сұрауы бірінші рет емес. Маусым айының басында мәнерлеп сырғанаудан биыл олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров спорт және туризм министрлігі бес ай бойы ақша бермеді деп мәлімдеген. Осыдан соң министрлік Шайдоров жаңа келісім-шартқа қол қоймағанын айтқан еді. Кейін екі тарап "тіл табысып", Шайдоровқа тиісті ақша берілген. Министрлік спортшыға қанша қаржы бөлінгенін ашып айтпады. Ал келісім-шартқа қол қойған соң мәнерлеп сырғанаушы АҚШ-қа жаттығуға кетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Шайдоров шуы: Келісім-шартқа қол қойылды. Спортшы АҚШ-қа барып жаттығады11 маусымда шахматтан (блиц) үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева президент Тоқаевқа үндеу жасап, спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов "жалақысын үш есе қысқартып тастағанын" айтқан. Ол "шахматтағы жетістіктеріме қарамастан министрлік тарапынан көмек болмай отыр" деген еді. Сол күні спорт және туризм министрлігі бірден баспасөз мәслихатын өткізіп, Асаубаеваға спортты қолдау қорынан 2024-2026 жылдары 242 млн теңге берілгенін, спортшы шахмат федерациясы мен басқа да ұйымдардан 2025 жылы 160 млн теңге, биыл 210 млн теңге алғанын айтқан. Брифингте вице-министр Серік Жараспаев шахмат мемлекет үшін маңызы бар спорт түрлерінің қатарына енбегендіктен қаржы қысқарғанын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның шағымына жауап бердіҚазақстанда кәсіби спортшылар мен ұлттық құрамалар мемлекеттен қаржыландырылады. Олардың олимпиадаға, әлем чемпионатына, Азия біріншілігіне қатысуына үкімет ақша бөледі.
Былтыр Қазақстанда спортты қаржыландыру тәртібі өзгеріп, мемлекеттен қолдау көрсетілетін спорт түрлерінің тізімі жасалған. Тізімге көбіне жазғы және қысқы олимпиада ойындары мен Азия ойындарының бағдарламасына кіретін спорт түрлері енген. Бұған қоса, шетелдік легионер спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыру тоқтап, балалар спорты мен резерв дайындауға көңіл бөлінетіні айтылған.
"МЕМЛЕКЕТКЕ ҚОЛ ЖАЮДЫ ҮЙРЕТКЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗІ"
Азаттық "Астана" баскетбол клубы айналасындағы қаржы мәселесін, спортшылардың мемлекеттен ақша сұрауын олимпиада ойындарынан, ірі халықаралық жарыстардан хабар таратқан спорт журналисі Ақырыс Сейітқазымен талқылады.
Азаттық: "Астана" баскетбол клубының ойыншылары "команда жабылса Қазақстан баскетболына, балалар баскетболына кері әсер етеді" деді. Баскетболшылар айтқандай, "Астана" Қазақстан баскетболының негізі болып тұр ма?
Ақырыс Сейітқазы, спорт журналисі
Ақырыс Сейітқазы: "Астана" баскетбол клубы мемлекет бюджетінен көп қаражат алып отыр. Сол қаржыны ақтамады дейтіндей бар. "ВТБ Бірыңғай лигасында" нәтижесі айтарлықтай емес. Бұған қоса, баскетбол Қазақстанда бұқаралық сипат ала алмаған спорт түрі. Командалық спорт түрлері Қазақстанда дамымаған. Дамығандарының өзі қазір құлдырау үстінде. Қазақтан Әлжан Жармұхамбетов (1972 жылы СССР құрамасы сапында олимпиада чемпионы болған – ред.) сияқты мықты баскетболшы шықса да, бізде баскетбол бұрыннан қатты дамымаған. Сондықтан Қазақстанда баскетболды кәсіби түрден гөрі бұқаралық спорт, аула спорты ретінде дамытқан дұрыс сияқты. Сол арқылы балаларды салауатты өмір салтын ұстануға дағдыландыруға пайдаланған дұрыс па деймін. Ал ұлттық құрама ретінде баскетболдан керемет жетістікке жете аламыз деп айта алмаймын. Біріншіден, Қазақстанда баскетболға қызығушылық бәрібір аз. Екіншіден, элита деңгейіндегі құрамалармен бәсекелесу өте қиын.
Әрине, "Астана" баскетбол клубы Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құрайды. Бірақ клубқа осынша ақша бөліне тұра ойыншылар клубтық деңгейде де, ұлттық құрама деңгейінде де Қазақстанға үлкен табыс әкелген жоқ. Сондықтан министрліктің шешімін де түсінуге болады. Өйткені нәтиже жоқ жерді қаржыландыруды тоқтату керек.
Азаттық: Ал бұл клуб жабылса, Қазақстан баскетболына қалай әсер етпек?
Ақырыс Сейітқазы: "Астана" баскетбол клубы барын баскетбол қарайтын шамалы адам біледі. Бүкіл Қазақстан бұл клубтың жолына қарап отырған жоқ. Баскетболға жанкүйер тарапынан да қызығушылық жоқ. Сондықтан "Астананың" жабылғаны Қазақстан баскетболына үлкен әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені Қазақстанның баскетболы да керемет деңгейде емес. Қазақстан құрамасы әлем кубогына қатыспаған. Азия кубогын ұтпаған.
Азаттық: Кейінгі кезде қаржы ала алмаған спортшылар ақша мәселесін ашық мәлімдеме жасап шешуге тырысып жүр. Бұған не себеп?
Ақырыс Сейітқазы: Спортшылардың мемлекеттен ақша сұрауы Қазақстанда трендке айналып кетті. Қазір әлеуметтік желіні, басқа да құралдарды пайдаланып, қысым жасап кетеді. Мемлекетке қол жаюды үйреткен мемлекеттің өзі деп ойлаймын. Себебі спортты мемлекет қаржыландырып келеді. Спортшылар мемлекеттің қаражатына жатып алған. Қазақстанда танымал спортшылардың өзі жеке жарнама тартуға, демеуші табуға құлықсыз. Бұған мемлекет үйретіп тастаған, спортшылар үйреніп алған. Кейбірі шектен шығып кетті. Әрине, спорт алдымен спортшының өзіне керек деп айтудан аулақпын. Өйткені спорттың ішінде жүрген соң спортпен айналысудың қаншалықты қиын екенін, спорттың ел имиджіне қалай әсер ететінін білемін. Десе де мемлекет спорт пен қаржы бөлуді бір жолға қою керек. Себебі бұл мәселені шешпесе спортшылар ақша сұрап отыра береді.
Азаттық: Батыс елдерінде ірі клубтар, олимпиада және әлем чемпиондары жарнама арқылы қаржы табуға тырысады. Қазақстанда спортшылар мен клубтар жеке демеушілер іздеп, жарнама жасап ақша табу жолын қарастыра ала ма?
Ақырыс Сейітқазы: Қарастыра алмайды. Бұған спортшылардың өзі бас ауыртқысы жоқ. Өйткені үкіметтен ақша алып отырған соң қатты бас ауыртпайды. Мемлекеттен ақша алмайтын спортшылар қалған компанияларды жарнамалап ақша тауып жүргендерді білемін. Ал олимпиадалық спорттағы спортшылар демеуші іздеп, жарнама жасағысы жоқ. Себебі үкіметтен ақша беріліп жатыр.