16 сәуірде Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу ісі бойынша үш адамға үкім шықты. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот осы іс бойынша тергеу анықтап, таққан барлық айыптар дәлелденді деп тауып, негізгі айыпталушыны – 22 жастағы адамды сегіз жылға бостандығынан айырып, оның сыбайластарына – кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің әрқайсына бес жыл түрме жазасын кесті.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Былтыр сәуірде Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында жергілікті мектептің 9-сынып оқушысы өзіне қол жұмсап көз жұмған. Оның қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша іс қозғалып, осы ауылда тұратын үш адам - 22 жастағы тұрғыны мен 10-шы және 11-сыныптың екі оқушысы қылмысқа күдікті деп танылған.
Прокуратура мәліметінше, жасөспірімнің өліміне ересектердің оны жүйелі түрде қорқытуы, психологиялық қысым жасауы және жұмыс істеуге мәжбүрлеуі себеп болған. Тергеу барысында мектеп оқушылары арасында қылмыс әлемінің субмәдениеті мен кәнігі қылмыскерлерге тән "түсінік" белгілері таралғаны анықталған.
Қайғылы қазаға ұшырар алдында жасөспірім мәжбүрлі түрде жұмыс істегені де кейін белгілі болды, дейді прокуратура.
- Қазақстанда 2022 жылы "Бала құқығы туралы" және "Білім туралы" заңдарға "жәбірлеу және кибербуллинг" ұғымы енгізілген. Оқу-ағарту министрлігі әлімжеттіктің алдын алу жөніндегі уәкілетті органға жатады.
- Мамандар балалар арасындағы буллингке ата-ана да, қоғам да жауапты дейді. Осы тақырыпта жазылған материалдарымызды оқыңыз: