"Жан-жағымызды түгел Ресей қоршап тұр". Соғысып жатқан елмен іргелес Оралдың тыныс-тіршілігі

Оралдағы совет мозаикасы салынған ғимараттың қасынан өтіп бара жатқан әйел. 3 қазан, 2026 жыл.

Оралды "Қазақстанның батыс қақпасы" деп атайды. Бұл бекер емес. Қазақстанның көрші облыс орталықтары — Атырау мен Ақтөбеге қарағанда Ресейдің Самара, Орынбор және Саратов қалалары әлдеқайда жақын. Ал Оралдан Мәскеуге дейін шамамен 1300 шақырым, бұл Астанаға дейінгі жолдан 500 шақырымдай қысқа. Қазақстанның ең батысындағы қалалардың бірі қалай күн кешіп жатыр, онда соғысып жатқан елдің ықпалы қаншалық сезіледі?

"Азаттық Азия" Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өмір туралы арнайы жобасын осы репортажбен бастап отыр. Журналистеріміз Ресейдің жақындығы жергілікті тұрғындардың тұрмысына қалай әсер ететінін білу үшін алты қалада — Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Өскеменде болды.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресеймен шекаралас Оралдың бүгінгі тіршілігі қандай?

Казак қонысынан облыс орталығына дейін

Ресми дерек бойынша, Орал XVII ғасырдың аяғында жайық казактарының қонысы ретінде пайда болған, олар қауіпсіздігіне бола осы маңды таңдаған. Содан бері төрт ғасырдан астам уақыт өтті, шағын казак қонысы халқы 400 мыңға жуықтаған қалаға, Қазақстанның облыс орталығына айналды.

Бірақ Оралдың тарихи орталығын аралап көрсеңіз, өзіңізді Қазақстанның осы заманғы қаласында емес, XIX ғасырдағы Ресей империясының қалашығында жүргендей сезінесіз. Ескі орталықта көпес сарайлары, қызыл кірпіштен салынған қонақ үйлер, жақтауы оюланған терезесіне күнқағар қақпа орнатылған, жерге шөгіп кеткен ағаш үйшіктер қаз-қатар тізілген көне құрылыс кварталдары түгелдей сақталған.

Ғимараттардың арасында фигуралы кірпіштен қаланған доғалы өткелдер бар.

Оралдағы Назарбаев даңғылында орналасқан ескі үй. 19 қазан, 2026 жыл.

Тарихи құрылыс бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев есімін иеленген орталық даңғыл бойымен облыс әкімдігіне дейін созылып жатыр. Айтпақшы, әкімдіктің өзі де XX ғасыр басында Орыс сауда-өнеркәсіп коммерциялық банкі орналасқан көне ғимаратта отыр.

Алайда мұражайға ұқсас осы көріністің артында қазақ даласы, казак қоныстары мен Ресей империясы арасындағы әлдеқайда күрделі қарым-қатынас тарихы жатыр. Орал ғасырлар бойы түрлі халық пен өркениеттің мүддесі тоғысқан аумақта пайда болып, қанат жайған. Ескі ғимараттар ғана емес, география да Ресеймен арадағы тығыз байланысты еске салады: іргелес жатқан Самара облысымен шекараға дейін бар-жоғы 60 шақырымнан да аз. Мұндай жақындық қаланың экономикасына, мәдениеті мен күнделікті тұрмысына әсер етпей қоймайды.

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес аймағы — Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектеседі. Мұндай аралас-құраластық ондаған жыл бойы көп нәрсеге ықпал етіп келді: сауда-саттық, білім, ойын-сауық, демалыс, той-томалақ, алыс-беріс барлығы көбіне сол жақта болды.

Кері көш

СССР ыдырағаннан кейін жылдар бойы мыңдаған қазақстандық Ресейге тұрақты тұруға көшіп кете берді. Бірақ соңғы кезде, әсіресе Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін, эмиграция ағыны едәуір азайды. Қазір керісінше үрдіс байқалады: Қазақстаннан Ресейге кететіндердің саны келетіндерден аз.

18 ғасырдағы патшалық отарлауға қарсы Кіші жүздегі көтеріліс басшысы Сырым Датұлына Оралдағы алаңда қойылған ескерткіш. 3 қазан, 2026 жыл.

Ресейліктердің нөпірі 2022 жылдың күзінде, Ресей президенті Владимир Путин мобилизация жариялағаннан соң басталды. Сол кезде соғысқа барғысы келмегендер Орал арқылы Қазақстанға лап қойды.

Шекара бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған ұзақ-сонар кезек пайда болды. Жергілікті билік пен журналистердің болжауы бойынша, қыркүйектің соңынан бастап бірнеше апта ішінде Орал арқылы ондаған мың ресейлік өткен. Көбі Алматыға, Астанаға не басқа елге кетер алдында Оралда уақытша аялдап алған. Кейбірі бұл жерде біржола қалуды ұйғарған.

Солардың бірі — Мәскеу түбінен келген 42 жастағы Жеке қауіпсіздігі үшін өз өтінішімен кейіпкердің есімі өзгертілді Ол есімін жарияламаса ғана Азаттықпен сөйлесуге келісті. Өмір бойы Ресейде тұрған Виктор мобилизация жарияланған соң Қазақстанға кеткен.

"Бастапқы жоспар — ең бері дегенде Алматыға жету, сосын, бәлкім, тіпті басқа бір жерге кету болатын, — дейді Виктор. — Шынымды айтсам, 2022 жылға дейін де, Сербияға ма, бір елге көшуді ойлағанмын. Мобилизация соған түрткі болды. Әуелі отбасымды алмай, мобилизациядан қашқан достарыммен келдім. Өзім бұған салыстырмалы түрде сабырлы қарадым, себебі әскерге жарамаймын. Ал қала ұнады. Мұнда келген соң Алматы сияқты үлкен қалаға көшкім келмейтінін түсіндім. Оның үстіне Орал Алматыға қарағанда Мәскеуге екі есе жақын — бұл да қосымша фактор болды".

Мобилизация жарияланған соң елінен қашып, Оралға келген ресейліктер. 2022 жылғы 27 қыркүйек.

2022 жылы соғысқа қатысқысы келмеген ресейліктер бас сауғалайтын басты орынның біріне айналған Қазақстан бірте-бірте қауіпті елге айналып барады. Соңғы жылдары Ресей азаматтарын ұстап, Мәскеуге тапсыру жиіледі.

2026 жылдың ақпанында Қазақстан полициясы армиядан қашып, Қазақстаннан пана сұраған Семён Бажуковты ұстап, Ресейдің әскери полициясына тапсырды. Екі жыл бұрын Украинаға қарсы соғысқа қатысудан қашқан тағы бір әскери қызметкер Камиль Касимов та Ресейдің күштік құрылымдарына берілген. Кейін Ресей соты оны алты жылға колонияда отыруға кесті.

2026 жылғы қаңтардың соңында Қазақстаннан ресейлік IT-маман Александр Качкуркин әкімшілік құқықбұзушылық үшін елден шығарылды. Мәскеуге жеткенде оны Украинаға ақша аударғаны үшін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен ұстады.

Күштік құрылымдар қудалаған соң Ресейден қашқан шешен белсендісі Мансұр Мовлаевқа да экстрадиция қаупі төніп тұр. 2025 жылдың мамырында оны Мәскеудің сұрауымен Алматыда ұстаған, ал 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның бас прокуратурасы оны Ресейге беру туралы шешімді мақұлдады. Мовлаевтың айтуынша, отанында оған азаптау мен өлім қаупі төніп тұр. Қазақстан соты оған пана беруден бас тартқаннан кейін белсенді екі рет өзіне қол жұмсамақ болды. Құқық қорғаушылар оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үшінші елге кету мүмкіндігін қамтамасыз етуді сұраса да, Мовлаев әлі Алматыда қамауда отыр.

Оралдың орталығындағы ғимарат сыртында тұрған мемориал тақта.

Дегенмен Виктор өзіне мұндай қауп төніп тұр деп ойламайды. Ресейге жеткізіліп, сотқа тартылудан не соғысқа жіберілуден қорқасыз ба деген сұраққа ол "жоқ" деп жауап берді.

"Біріншіден, мен ешқандай белсенді емеспін, бар болғаны қарапайым адаммын, — дейді ол. — Мұнда айналамдағы ақпараттық ахуал тыныш, ұрыс-керіс пен өшпенділік аз болсын деп келдім деуге болады. Мені Ресейге тапсыру үшін алдымен ол жақта мені іздей бастауы керек қой. Ал мені не үшін іздейді? Жасым жағынан да, санатым жағынан да әскерге онша келіңкіремеймін. Денсаулығыма байланысты әскерде қызмет етпегенмін. Мені әскерге шақырудың қандай мәні бар? Қисыны жоқ деуге болады. Әскерге шақыру ықтималдығы бар, әрине, бірақ бірақ елден кеткендердің басым көпшілігіне қарағанда ол әлдеқайда төмен".

Сонымен бірге Виктор ресейліктерді Қазақстаннан жаппай депортациялай бастаса, не істеуім керек деп ойланбағанын мойындайды.

"Жылдам жол жүріп кетуге дайын отырмасам да, толық үйде отырғандай да сезінбеймін. Оның үстіне мұнда бірнеше танысым ықтиярхат алмақ болған еді, берілмеді. Ал мен оны алуға тырыспадым да".

Дегенмен Виктор "қалған ғұмырын Оралда өткізуге дайын" екенін айтады.

"Ресейге барғым келмейді, әбден тойдық"

Азаттықтың тағы бір әңгімелескен адамы Қауіпсіздік мақсатында Азаттықтың кейіпкердің аты-жөнін атамайды Қазақстанда туған, бірақ бар ғұмырын Ресейде өткізген. Ата-анасы оны сәби кезінде елден алып кеткен. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай Владимир отбасымен Оралға көшіп келген.

Неге мұндай шешімге келгенін өте қарапайым түсіндіреді: "Қалтам қалың болса, Еуропаның бір жеріне кетер едім, бірақ жақынырағын таңдадым, оның үстіне бұл қала маған ұнады".

"Білуімше, мұнда көктемде көшкендердің бәрі соғысқа қарсы болғандар; олар мобилизациядан жасырынған жоқ, жай ғана Ресейде өмір сүргісі келмеді. Оралды неге таңдадым? Әуелі интернеттен суреттерін көрдім, қаланың жасыл желекке оранғаны, тарихи орындардың көптігі ұнады. Оған қоса, өзім тұрған қаладан онша алыс емес», — дейді Владимир.

Оралдағы Құтқарушы Христос соборы. 2026 жылғы 3 қазан.

Ресейлік азаматтың айтуынша, отбасы жаңа жерге тез бейімделген. Қызына жергілікті мектеп ұнап, ол көп ұзамай өзіне дос тапқан. Қазақстанда туған Владимирдің өзі ықтиярхатты салыстырмалы түрде тез рәсімдеп, Оралдағы зауыттардың біріне жұмысқа орналасқан. Енді отбасы Қазақстан азаматтығын алмақ.

Ресейге қайту ойында да жоқ.

"Енді Ресейге қайтпаймыз деген оймен кеттік, — дейді Владимир. — Қазір де сол ойдамыз. Ресейге барғым келмейді, әбден тойдық. Оның үстіне Қазақстан — менің Отаным. Мұнда азаматтық алғымыз келеді, өзімізді үйдегідей сезінеміз. Жақында құжат тапсырмақпын, бірақ Ресей тамыз айынан бастап азаматтықтан бас тарту құнын он еседей көтеріп жіберді. Қазір бұл өте қымбат, бір адамға шамамен мың доллардай. Сондықтан әзірге соған ақша жинап жүрміз".

Оралда өзін үйіндегідей сезінгенімен Владимирді жаңа ортада мазалайтын жайттар да бар. Ең бастысы — жергілікті тұрғындардың бір бөлігінің Ресейге, оның Украинаға ашқан соғысына қатысты көзқарасы.

Оралдың тарихи орталығындағы үй

Оның байқауы бойынша, оралдықтар, соның ішінде жергілікті орыстар, Ресейден келетін ақпараттық контентті көп пайдаланады. Бұл олардың саяси көзқарасына айтарлықтай әсер етеді деп санайды Владимир.

"Жергілікті орыстар көбіне Ресейді жақтайды, себебі олар ресейлік телеарналарды көріп, радиосын тыңдайды, содан соң пропаганда ықпалына түседі, әрине. Ал қоныс аударған орыстар ол жақта шын мәнінде не болып жатқанын азды-көпті біледі, сондықтан теледидарда айтылғанға сене қоюы екіталай. Пропаганда қаншалық қауіпті екенін, адам санасын қалай улайтынын баяғыдан білемін", — дейді ресейлік азамат.

Оралдан соғысқа кеткендер

Ресей жағында Украинаға қарсы соғысуға өз еркімен кеткен қазақстандықтардың оқиғасына қарап-ақ Ресей пропагандасының әсерін бағамдауға болады. Украинадағы "Хочу жить" жобасының дерегі бойынша, 2026 жылдың мамырында Ресей қорғаныс министрлігімен кемінде 2420 Қазақстан азаматы келісімшартқа отырған.

2025 жылдың қазанында жергілікті Umarovnews басылымының бас редакторы Талғат Омаров Батыс Қазақстан облысынан Ресей армиясына барып соғысқан 9 адам туралы зерттеу жариялады. Олардың кейбірі қаза тапса, енді бірі жараланған не украин тұтқынына түскен.

Жергілікті тұрғындармен көп әңгімелескеннен кейін осындай зерттеу жасау туралы идея туды дейді журналист.

"Таныстарыңа, туыстарыңа қонаққа барасың да, әңгіме арасында біреудің туысы соғысқа кеткенін, қаза болғанын естисің. Досыңмен кездесіп, оның қазақстандық немере ағасы соғысқа барып, қаза тапқанын естисің. Соғысқа барып, тұтқынға түсіп, өліп жатқандар көп, Орал тұрғындары мұны өзара талқылап жатады", — дейді Омаров.

Оралдағы ескі үйдің қасынан өтіп бара жатқан адамдар. 14 қыркүйек, 2025 жыл

Талғат Омаровтың айтуынша, ақпарат жинау оңай болмаған. Қаза тапқандардың және әлі соғысып жүргендердің туыстары оңай тілге келмейді, тіпті журналиспен сөйлесуден қашады.

"Себебі оларға не ҰҚК қызметкерлері келген, не өздерін сол жаққа шақырған, — дейді журналист. — Өздері айтпағанымен, олардың қорқып жүргенін сезесің. Мысалы, қаза тапқан бір жігіттің ағасымен сөйлеспек болдым, ол бірден: "Ештеңе айтпаймын, жөніңмен жүр" деді. Бәлкім, келісімшартпен барған не өз еркімен соғысқандардың туыстары ҰҚК-ға барғанда ештеңені жария етпеу туралы қағазға қол қоятын сияқты. Олардың журналистермен сөйлеспеуіне, ашық айтпауына бұл да себеп болуы мүмкін".

Талғат Омаров Оралда жергілікті тұрғындарды Ресей әскеріне алатын ұйымдасқан топ бар-жоғын анықтай алмаған. Umarovnews жобасына ол соғысқа өз еркімен барған тұрғындардың хикаяларын жазып алған. Олардың соғысқа баруына әртүрлі нәрсе түрткі болған.

Соның ішінде бір оқиға ерекше. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Шыңғырлау ауданының егде тұрғыны соғысқа баруды ұйғарыпты.

"Жасы ұлғайып, 60-тан асқан ер адам. Үйінде таңнан кешке дейін Ресей телеарналары қосулы тұрыпты. Өзі Қазақстан азаматы болғанымен, Ресей тумасы. Қазақстанға 30 жылдай бұрын көшіп келген. Соғыс басталғанда ол жолға жиналып, отбасын хабардар етіп: "Мен соғысқа кетемін, өйткені Украинада фашистер бар" дейді. Ешкімді тыңдамай, жиналып, кетіп қалады. Көп ұзамай туыстары оның қаза тапқаны туралы хабар алады", — дейді Талғат Омаров.

Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ғимараты. Орал, 14 қыркүйек, 2026 жыл

Журналист қазақстандықтардың соғысқа қатысуына тек Ресей пропагандасы ықпал етіп жатыр деп ойламайды. Оның ойынша, көбі ақша үшін кетеді.

"Негізінен олар — 30-40 жастағы жігіттер, бұл жастағы адамдар [ресейлік пропагандист] Соловьёвты көріп отырғанын елестете алмаймын, бұл - ақылға сыймайтын дүние", — дейді Омаров. Оның айтуынша, Ресейдің өңірге ықпалы әлі де орасан зор.

Батыс Қазақстан облысының билігі өңір тұрғындарының бір бөлігі табысы жоғары болғандықтан Ресейге жұмысқа кететінін мойындайды, бірақ жергілікті жерде соғысқа тартатындар жоқ дейді.

"Жоқ, ондай жағдай жоқ. Нық айтамын. Біз қадағалап отырмыз", — деп мәлімдеді 2025 жылдың желтоқсанындағы брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

"Жаңа буын Қазақстанға көз тігеді"

Шекараның жақындығы, ортақ тарих пен ресейлік қалалармен ұзақ жылғы байланыс Батыс Қазақстан облысының тұрмысын әлі де айқындап келеді.

Бірақ бейне бірте-бірте өзгеріп барады, оған демографиялық өзгерістер де себеп. Егер 1990 жылдары өңірдегі қазақ халқының үлесі 70 пайызға жетпеген болса, қазір ол — табиғи өсім мен көші-қонның арқасында — 80 пайызға жуықтап қалды.

Батыс Қазақстан облысындағы славян ұлты өкілдерінің үлес салмағы азайып барады. Фото: Орал казактарының мерекесі

Орал көшелеріндегі жастар көбіне туған қаласында өмір сүруді қолай көреді, оны жанға жайлы қала деп сипаттайды.

Азаттықтың "Басқа жаққа көшкің келмей ме?" деген сұрағына жас жігіт: "Өзім осында туғанмын. Туыстарымның, достарымның бәрі осында. Кеткім келмейді", — деп жауап берді.

"Мұнда ауа райы тамаша. Жылдың төрт мезгілі түгел бар. Әрі адамдар да ерекше. Бұл — өзгеше қала. Үлкен қалаларда кептеліс, айқай-шу болып жатады. Оралда олай емес", — дейді бір бойжеткен.

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараты.

Енді бір қыз көшкісі келетінін, бірақ Ресейге емес, Қазақстанның үлкенірек қаласына қоныс аударғысы келетінін айтады.

Журналист Талғат Омаровтың айтуынша, жас буын көбіне Ресейге емес, өз еліне көбірек көбірек көз тігеді.

«Оралдан Тасқала ауданы жаққа 90 шақырым жүрсең, Саратов облысы басталады. Ақсай жаққа 120 шақырым жүрсең, ар жағы - Ресейдің Орынбор облысы. Самара жаққа 50 шақырым жүрсең, Ресейдесің, — дейді Умаров. — Жан-жағымызды түгел Ресей қоршап тұр. Бірақ қазір Совет одағын көрмеген, толықтай Қазақстанға қарап бой түзеген жаңа буын өсіп келе жатқанын байқаймын. Олар әлі мектепте оқиды, бірақ Самараға не Саратовқа оқуға бармаймыз деп қазірден айтады. Олар не Алматы, не Астанада тұрады, болмаса шетелге кетеді. Олар қазақ тіліндегі контентті тұтынып, қазақша сөйлейді".