Америкалық The Diplomat сайты бірер жылдың ішінде ірі активтерге ие болған қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп туралы жаңа зерттеу жариялады. Басылым бизнесменнің мемлекеттен ірі тапсырыс алып отырған компанияны қалай сатып алғанын, оның бизнес құрылымдарына кіретін компаниялар арасындағы байланысты зерттеген.
Материал авторлары әңгімені VK әлеуметтік желісінде ертеректе жарияланған фотодағы үш сыныптас – Дархан Қызайбаев, Кудрат Шәмиев және Шахмұрат Мүтәліпті қазір мемлекеттік ұйымдардан миллиардтаған долларлық келісімшарттар алатын компаниялар желісінің басы-қасында жүрген кәсіпкерлер деп бастайды. Олардың ішіндегі ең негізгі фигура – аз уақыттың ішінде аса ірі активтерге қол жеткізіп, Қазақстандағы мыс, мырыш, басқа да минералдар өндіретін компанияларды алуға ұмтылып келе жатқан Шахмұрат Мүтәліп.
ҚҰРЫЛЫС, ЭНЕРГЕТИКА, ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ АЛТЫН ӨНДІРУ
Мүтәліп қазір елдегі теміржол саласында Integra Constraction KZ деген ірі компанияның құрылтайшысы. Авторлар Integra-ға дейін оның аса ірі капитал иесі немесе ірі компания қожайыны болғанын көрсететін деректер жоғын келтіреді. Әрі осы компанияны арзанға сатып алғанын айтады.
"2022 жылғы 9 қыркүйекте Мүтәліп Integra-ның жалғыз иесі атанды. Ол компанияның 99,9 пайыз үлесін өзінің Management & Construction Ltd компаниясы арқылы 770 миллион теңгеден астам сомаға сатып алса, қалған 0,1 пайызын жеке тұлға ретінде өз атына рәсімдеді. Бұл – компанияның нақты құнының тек бір бөлігі ғана және сол жылы компания төлеген 4,5 миллиард теңге салық мөлшерінен әлдеқайда төмен", – делінген мақалада.
The Diplomat басылымы танысқан сот құжаттарына сәйкес, Шахмұрат Мүтәліп Integra-ны иеленгеннен алты ай өткен соң сатып алуға жұмсаған ақша көлемінде өзге компаниядан несие алған. Авторлар бұл несиені басшылық құрамы арқылы Integra-мен байланысы бар компания бергенін және оның тек 5 пайызы ғана қайтарылып, қалған бөлігі іс жүзінде кешірілгенін жазады.
Зерттеу авторлары "Қазақстан темір жолымен" 8 жылға арналған шамамен 350 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан "Ақтөбе рельс – Арқалық зауытының" екі құрылтайшысының бірінің Шахмұрат Мүтәліппен байланысын анықтаған.
35 жастағы кәсіпкер Қазақстанның құрылыс, энергетика саласындағы ірі жобаларын іске асырумен қатар биыл елдегі алтын өндіру бойынша үштікке кіретін "Алтыналмас" компаниясын сатып алды. Келісім құны белгісіз. Бір анығы бұл компанияны ертеректе Тимур Құлыбаев, кейінгі он жылда "Қазақмыс" тобына иелік еткен олигархтар меншігінде ұстаған.
Бұдан бөлек Шахмұрат Мүтәліп Kazzinc компаниясының бақылау пакетін алуға тырысып жатқаны туралы мәлімет бар. Сондай-ақ Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40 пайыз үлесін алғысы келетіні де хабарланды.
Материал авторлары зерттеуде есімі аталған негізгі тұлғалар мен компанияларға сауал жолдап, жауап ала алмаған.
Айта кетейік, Азаттық биыл жариялаған зерттеуге сәйкес, Шахмұрат Мүтәліп Дариға Назарбаеваның азаматтық некедегі күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың құрылымдарына қараған құрылыс компаниясына да иелік етіп отыр. Жалпы кәсіпкер түрлі шарттар арқылы мемлекет қаржыландыратын құны жүздеген млрд долларға тартатын ірі энергетикалық нысандар құрылысына да белсене кіріскен.
Your browser doesn’t support HTML5
Шахмұрат Мүтәліптің жұмбақ жолы, "ескі" олигархтармен күрес. Журналист Ардақ Бөкеевамен сұхбат
Азаттық зерттеуді шолып шығып, авторларының бірі, журналист Ардақ Бөкеевамен кәсіпкердің жаңа келіссөздері және елдегі ірі бизнес пен саяси биліктің қатынасы туралы сұхбаттасты.
"ҮНЕМІ ӘРТҮРЛІ КОМПАНИЯДА ЖАЛДАМАЛЫ МЕНЕДЖЕР БОЛҒАН"
Азаттық: Бұған дейін Азаттық та зерттеу жасап, Шахмұрат Мүтәліптің артында кім тұр деген сауалға жауап іздеген. Сіздер де мәселеге тереңдеп баруға тырысып, көп детальдарды ашқан екенсіздер. Осы сұрақты сізге де қояйыншы. Мүтәліпті жеке дара фигура ретінде қарастырасыз ба? Оның артында кім тұр?
Ардақ Бөкеева: Біреулердің бұл іске қатысы бар екені анық. Әрине, бұл елде журналистік зерттеу жүргізу, кімнің артында кім тұрғанын анықтау өте қиын. Бұл – аз уақыттың ісі емес. Бізде уақыт тығыз болды. Меніңше, бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін әлдеқайда көп уақыт пен зор мүмкіндік қажет.
Негізі, бұл біздің міндетімізге де жатпайды, өйткені мен де, негізгі автор Крис Риклтон да Қаржылық бақылау агенттігі немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушілері емеспіз. Олар болса, үнсіз отыр. Біз – зерттеуші журналиспіз, қолымыздан келгенді жасадық. Кем дегенде, зерттеуімізде ақшаның қайдан шыққаны мүлдем түсініксіз екенін құжат жүзінде көрсетіп бердік.
Шахмұратты көптен бері бақылап жүрмін. Forbes-те рейтинг жасағанда, біз ірі компанияларды бақылап, олардың қожайынын іздейтінбіз. Ал Integra-ға келгенде бәрі жұмбақ болатын.
Оның бұрынғы иесі Орифджан Шадиев біздің тізімде болды. Ол — Патох Шодиевтің жиені. Сондықтан ақшаның қайдан келгені, қалай дәулетті болғаны шамалы түсінікті еді. Бірақ кенет компания қожайыны боп Шахмұрат Мүтәліп шыға келді. Ол туралы бізде ешқандай ақпарат болмады.
Жақында ғана құрылған, салығы нөлге тең, ешкім танымайтын ұсақ компаниялар осы келіссөздерге қатысып жатыр. Одан бөлек ол кәсіпкер ретінде еш жерде көзге түспеген, үнемі әртүрлі компанияларда жалдамалы менеджер болып жұмыс істеген. Жақсы менеджер болған да шығар.
Ал енді сот құжаттарын қарағанымызда Integra-ның бірнеше компания арқылы өтуі өте күмәнді көрінді. Бұл жағдай Шадиевтің Ұлттық банкпен арадағы мәселесі басталған кезде болған. Оның иелігіндегі Integra – теміржол саласындағы жалғыз мамандандырылған компания болатын.
Ұлттық банк Шадиевтің 15 миллиард теңге қарызы үшін компанияны кепілге ала алмады, өйткені бірнеше мәміле арқылы ол Шахмұрат Мүтәліпке өтіп кетті. Егер компания белгілі бір бизнес тарихы бар кәсіпкердің немесе елдегі танымал әулеттің иелігіне өтсе, біз "желдің қайдан соғып тұрғанын" түсінер едік. Ал мұнда бұрын-соңды бизнес иесі ретінде еш жерде көрінбеген адам шыға келді.
Кейін құжаттарды зерттегенде мынадай жайт анықталды: ол компанияны сатып алған, яғни, тегін берілмеген. Бірақ оның төлеген сомасы компанияның бір жылдық салығынан төрт есе аз болған. Бұл, әрине, үлкен сұрақ туғызады. Сондықтан да сот Ұлттық банктің "бұл кепіл мүлкін алып қалу үшін жасалған жалған мәміле" деген уәжін орынды деп танып, Integra-ға қатысты келісімнің күшін жойған.
Алайда осы уақытқа дейін қарызын төлей алмай соттасып жүрген Шадиев кенеттен 15 миллиардты тауып алып, бірден төлей салады. Содан соң Жоғарғы сот төменгі сатыдағы соттың шешімін бұзады. Қарыз қайтарылғандықтан, Ұлттық банк те райынан қайтады. Осылайша, Жоғарғы соттың шешімімен компанияны Шахмұрат Мүтәліптің иелікке алуы заңдастырылды.
Кейінгі жылдары Integra-ның қаржы айналымы ұлғайып, мемлекеттік тапсырыстар көбейді. Қазір олар тек жол емес, басқа да ірі стратегиялық нысандарды салып жатыр. Шахмұраттың басты ерекшелігі — оның командасы сыныптастарынан құралған, көбі жақын достары. Мұғалімдерінің айтуынша, олар ауыл мектебінде бірге оқыған, өте ақылды, зерек балалар болған. Әрине, жігіттер талантты болуы мүмкін, бірақ Қазақстанда тек таланттың күшімен осындай жас шағыңда елдегі олигархтарға тиесілі активтерге қол жеткізу мүмкін бе?
"ЕҢ БАЙ АДАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫНАН АСЫП ТҮСЕТІН АКТИВТЕРДІ САТЫП АЛУҒА ҚАЛАЙ ҚАУҚАРЫ ЖЕТЕДІ?"
Азаттық: Шахмұрат Мүтәліптің осы компанияларды иелену жолында күмән тудырған, жауапсыз қалған сұрақтарды атап өте аласыз ба?
Ардақ Бөкеева: Мысалы, "Гленкордың" (Glencore) 70% үлесі шамамен 3–3,5 миллиард долларға бағаланып отыр. Ал ERG-дің 40 пайызы, яғни Машкевичтің мұрагерлері мен Патох Шодиевтің үлесін қоса алғанда, 1,4 миллиард доллар болады. Бұл компанияларды қандай қаржыға сатып алмақшы екені бізге мүлдем беймәлім. Бұл — өте ірі мәмілелер.
Ал "Алтыналмасқа" қатысты келіссөз тіпті ақылға сыймайды. Себебі бұл алтын бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге — унциясы 5000 долларға жеткен кезде жүзеге асып жатыр. Мұндай баға бұрын болған емес. Оның салыққа дейінгі табысын (EBITDA) айтпағанда, тек дивидендтерінің өзі 250 миллион доллардан асып жығылады. Бұл — адам сенгісіз ақша. Мұндай компанияның қанша тұратынын елестетудің өзі қиын, бірақ оны сатып алу үшін біреу қаржы беруі керек қой. Ең қызығы, бұл келісімдер үкімет немесе компаниялар тарапынан ешқандай алдын ала хабарландырусыз жасалды.
Біздің зерттеуімізден тыс болса да, мынадай бір болжам бар: "Алтыналмас" Мүтәліпке басқа тау-кен металлургия компанияларын сатып алуды қаржыландыру үшін берілген болуы мүмкін. Өйткені алтын — "тірі" ақша. Тіпті Қазақстанның Kaspi мен Freedom тәрізді финтех алпауыттарын, яғни ең бай адамдарын алған күннің өзінде олардың дәулеті қазіргі құнсызданған доллармен есептегенде де 10 миллиард долларға жетпейді. Ендеше, Integra-ның Мүтәліп пен оның тобының артында кім тұрғаны белгісіз. Қазақстанның ең бай адамының байлығынан да асып түсетін мұндай активтерді сатып алуға олардың қалай қауқары жетеді? Айту қиын.
"ОЛАРДЫҢ УАҚЫТЫ ЕСКІ ОЛИГАРХТАРДІКІНДЕЙ ҰЗАҚ БОЛМАЙДЫ"
Азаттық: Саяси билік тарапынан "ескі", "жаңа Қазақстан" деген нарративтер айтылып, қазір қоғамдық дискуссияда саясаткерлер туралы сөз болса, осылай жіктеп, бөліп баға беріп жатады. Ықпалды кәсіпкерлер арасында да осындай фильтрация болған деген бейресми әңгіме бар. Ал Мүтәліптің өсу жолы тікелей елдегі саяси өзгеріс болған кезеңмен сәйкеседі. Оны жаңа жүйенің олигархы деп қарастырасыз ба? Үлкен капиталдың оның қолына шоғырлануы жоғары биліктегі саяси шешімдер негізінде жүзеге асты дегенмен келісесіз бе?
Назарбаев кезеңінің олигархтары қазіргі билік үшін қауіпті болуы мүмкін.
Ардақ Бөкеева: Біздікіндей мемлекет пен экономика үшін бұл болмай қоймайтын процесс еді. Себебі Назарбаев кезеңінің олигархтары қазіргі билік үшін қауіпті болуы мүмкін. Қоғамда жиі айтылатын "Назарбаевтар билікке қайта оралғысы келеді, төңкеріс жасамақшы" деген қауесеттер, меніңше, күлкілі. Өйткені халықтың "Назарбаев" деген фамилияға реакциясы қандай болатынын бәріміз білеміз. Дегенмен олар әлі де біреулер арқылы ықпал етуі мүмкін. Сондықтан олардың бұл ықпалын азайту үшін активтерді қайта бөлу қажет болды.
Осылайша, ескі олигархтардың экономикалық тірегін шайқалту көзделіп отыр. Бірақ бұл активтердің жаңа иелері Қазақстанның жаңа олигархтарына айнала ма? Ашық сұрақ. Меніңше, олардың уақыты ескі олигархтардікіндей ұзақ болмайды.
Ескі олигархтардың иелігінде белгілі бір заңды негіз бар еді. Алғашқы жекешелендіру кезеңін еске түсірейік: мемлекеттік меншік "әйтеуір біреу алып, толық құрдымға жібермей, істетсе болды" деген шартпен берілді. Ол кез ауыр уақыт еді, сондықтан ол келісімдерге шүйлігу қиын. Ол кездегі мәмілелер үкімет қаулылары мен мемлекеттік деңгейдегі шешімдер негізінде жасалды.
Меніңше, олардың уақыты ескі олигархтардікіндей ұзақ болмайды.
Ал ертең Қазақстанда билік ауысып, басқа адамдар келгенде қазіргі келіссөздердің күйі не болмақ? Билікке жаңадан келгендер өз билігін нығайту үшін "экономикадағы алпауыттарды" өз қолына алғысы келмейді деп ойлайсыз ба? Әрине, келеді. Оның үстіне, қазіргі процестер өте түсініксіз жағдайда өтіп жатыр. Капитал қозғалысы мен ірі активтерге қатысты мәмілелердің барған сайын құпиялана түсуі — өте қауіпті үрдіс.
Мұндай мәселелер тек ақшамен шешілмейді. Бұл үшін жоғары жақтың рұқсаты мен ықпалы керек.
Азаттық: Бұған дейін "Қазақмысты" Нұрлан Артықбаев деген кәсіпкер сатып алды. Құрылыс саласының кәсіпкері мыс корпорациясын алуға ақшасы жетпейтіні айтылды. Бірақ шарт жасалды. Оған дейін "Арселор Миттал" Андрей Лавреньтевке өтті. Мүтәліп жағдайында бір емес, бірнеше ірі шикізат өндіретін компаниялардің елеулі үлесі құрылтайшы алмастырады. Осы процестердің астарынан не көресіз?
Ардақ Бөкеева: Билік транзиті кезеңі әрқашан экономикалық қолдауды қажет етеді. Бұл өтпелі кезеңде барлық ірі компанияларды толық бақылауда ұстау маңызды. Бұл жерде мәселе тек активтердің құнынан гөрі, онда жүздеген мың адамның жұмыс істейтініне де мән беріледі. Бұл салалар мұнай секторы сияқты емес, мұнда жұмыс күші өте көп.
Мүмкін олар сырттан біреулер айтақтап, мәселен, Владимир Ким "Қазақмыста" ереуіл немесе арандатушылық ұйымдастырады деп қауіптене ме екен? Мен бұған қатты күмәндансам да, олар "аузы күйген үріп ішеді" деген принциппен әрекет етіп отырған сияқты.
Капитал қозғалысы мен ірі активтерге қатысты мәмілелердің барған сайын құпиялана түсуі — өте қауіпті үрдіс.
Бірақ байқасаңыз, бұл процесс мемлекет меншігіне қайтару ұстанымымен жүріп жатқан жоқ. Ол үшін ақша төленіп жатыр, яғни бұл — кәдімгі сатып алу. Демек, мұндағы мақсат тек ескі элитамен соғысу емес, жеке меншік құқығы мен оның қолсұғылмаушылығы сияқты қағидаларды сақтап қалуға тырысу сияқты.
Азаттық: Осы процесс әрі қарай жалғаса бере ме? Бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин былтыр Азаттыққа түрлі жолмен жекешелендірілген ірі өндіріс компанияларында кешенді аудит жүргізіп, соның есебінен мемлекетке қайтарылуы керек деген пікір айтты. Бірақ біздің байқағанымыз, ірі корпорациялар мемлекетке қайтарылып жатқан жоқ. Тек иесін ауыстырып жатыр. Бұған не айтар едіңіз?
Your browser doesn’t support HTML5
Сағыныш пен өкініш. Әкежан Қажыгелдинмен сұхбат
Ардақ Бөкеева: Біріншіден, активтерді мемлекетке қайтару мүлдем қисынсыз әрі қауіпті болар еді. "Революцияның бастауы бар, бірақ соңы жоқ" демекші, бұл үлкен берекесіздікке әкелуі мүмкін. Осы орайда мен Қажыгелдин мырзаның пікіріне толық келісе алмаймын. Өйткені мемлекеттің бизнесті қалай басқаратынын бәріміз көріп отырмыз.
Іс жүзінде бизнестің иесі мемлекет емес, сол жердегі басқарушы шенеуніктер болып шыға келеді және барлық игілікті солар көреді.
Іс жүзінде бизнестің иесі мемлекет емес, сол жердегі басқарушы шенеуніктер болып шыға келеді және барлық игілікті солар көреді. Мұны біз кез келген жерден, мәселен, "Қазақстан темір жолынан" анық байқадық. Әсіресе, ондаған мың адам жұмыс істейтін осындай алпауыт компаниялар үшін мұндай басқару нарық заңдылықтарына мүлдем қайшы.
Мемлекет басқаруды қолға алса, компанияны шығынға батыруы да ғажап емес. Мысалы, Қайрат Боранбаев сотталып, оның активтері қайтарылғанда, оған тиесілі Fitnation фитнес-клубы Алматы әкімдігінің меншігіне өтті. Біріншіден, ол ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрып қалды. Ал ақыры ашылғанда, жаңа иесі бассейннің жұмысын тоқтатып тастағаны белгілі болды, тек жаттығу залы ғана қалған. Қазір қалпына келтірді ме, жоқ па, білмеймін, бірақ бұл — мемлекеттің "тиімді" басқаруының нақ көрсеткіші.
"БИЛІК БҰРЫННАН КЕЛЕ ЖАТҚАН АДАМДАРҒА СЕНБЕЙДІ"
Азаттық: Жақында жаңа саяси партия құрылатыны, оның бастамашы топ құрамында Forbes тізіміндегі кейбір кәсіпкерлер бар екені белгілі болды. Осы тұрғыда мемлекет пен ірі бизнес арасындағы қатынас 2022 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өзгерді ме, әлде тек ойыншалыр ауысып жатыр ма?
Ардақ Бөкеева: Шыны керек, жағдай түбегейлі өзгерді деп ойламаймын. Қазіргі ақпараттық кеңістіктің қалай тазартылып жатқанына қарағанда бір күдігім бар. Меніңше, қазіргі билік ірі бизнеске онша сенбейді. Оларды өздеріне қауіп төндіруі мүмкін күш ретінде көреді. Тоқаев "Жаңа Қазақстан", "Әділетті Қазақстан" және меритократия туралы жариялағанда мен үкіметтің экономикалық блогына өз компанияларын нөлден құрған табысты бизнесмендерді шақырады деп сенген едім. Себебі олар экономиканың "осал тұстарын" жақсы біледі ғой. Бірақ, өкінішке қарай, олай болған жоқ.
Неліктен бұл ірі активтерді сатып алу нарықта өзін дәлелдеген кәсіпкерлерге емес, жаңа есімдерге сеніп тапсырылды? Себебі билік бұрыннан келе жатқандарға сенбейді. Ал мына жаңадан шыққандар барлық жетістігі үшін тек билікке ғана қарыздар болады. Forbes тізіміндегі кейбіреулер бәрі үшін Назарбаевқа қалай қарыздар болса, бұлар да Тоқаевқа солай тәуелді болады. Бұл оларды әлдеқайда басқаруға ыңғайлы етеді.
Жаңадан құрылып жатқан "Әділет" партиясына келсек, ондағы бизнесмендер тек қаржыландыру үшін ғана керек сияқты. Кезінде Мақсұт Нәрікбаевтың да осындай партиясы болғаны есіңізде шығар? Өткен сайлауда Respublica деген жас бизнесмендердің партиясы құрылды. Бірақ одан не шықты? Олар парламентке кіргенімен, Respublica-ның дауысын, нақты ұстанымын естідік пе? Жоқ.
Меніңше, "Әділет" те — соның кезекті аналогы. Қазіргі билік халықтың әртүрлі топтарына ықпал ету үшін көптеген БАҚ-ты бақылауына алғаны сияқты партиялық өмірді де солай қолдан жасап отыр.
Жаңадан шыққандар барлық жетістігі үшін тек билікке ғана қарыздар болады.
"Қарметті" сатып алу сеніп тапсырылған адам Андрей Лаврентьев құрамына кірген партия биліктің айтқанымен жүретін болады. Лаврентьев "Қарметті" сатып алғалы бері бірде-бір қаржылық есеп жарияланған жоқ, ол жерде не болып жатқаны қоғам үшін мүлдем жабық. Бұл партияның ішкі тынысы мен ашықтығы да дәл сондай деңгейде болады деп ойлаймын.
Қазіргі жағдайда төменнен жиналған, әлсіз болса да оппозициялық партия тіркеледі дегенге қатты күмәнданамын. Оны ұйымдастыратын адам да қалмады. Бәрі тазартылды. Марафоншы Марат Жыланбаевтың түрмеде отырғанына неше жыл болды. Сондықтан қазір бірдеңе құратын, бастама көтеретін ешкім қалған жоқ. Жағдай осындай.