Жаңаөзенде мұнайшылар қамаудағы белсендіні қолдап, бір сағатқа жұмысын тоқтатты

Мұнайшылардың белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, үндеу жасап жатқан сәті. Жаңаөзен, 4 маусым 2026 жыл. Скриншот.

4 маусымда Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаздың” жұмысшылары қамаудағы белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қолдап, бір сағатқа жұмысты тоқтатты. Желіде жариялаған видеода ондаған жұмысшының жиналып тұрғаны көрінеді. Ортада сөйлеп тұрған адам президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, белсендіге “әртүрлі құйтырқы әрекеттермен жалған айып тағылып” абақтыға қамалғанын айтады.

“Енді айтарым, Мұратбайдың осы күнге дейін жасап келген белсенділігі осы күнге дейін жасап келген әділдігі далада қалды деп ойлаймын. Бұл іс әркімнің басына келмейтіндігіне кім кепіл?!” деп бір тоқтады жұмысшы. Олар белсендіні босатуды талап еткен.

Сонда болған жұмысшылардың бірінің Азаттыққа айтуынша, видео 4 маусымда кешкі сағат 18.30 шамасында мекеме алдында түсірілген. Оның сөзінше, осыдан кейін қалалық прокурор мекемеге келіп, бірнеше жұмысшымен “әңгімелескен”.

“Не үшін тұрып қалдыңдар? Жұмыс уақытында тұруға болмайды деді” деді аты-жөнін айтпаған жұмысшы.

Жаңаөзен қаласының прокуратурасы әзірге бұған қатысты түсініктеме бермеді.

Ал адвокат Айгүл Айжарықова 4 маусымда кешке қарай белсендіге кіріп шыққанын айтты.

“Кеше (4 маусымда – ред.) кірдік. Тергеуден бас тарттық. Себебі ол кінәлі санамайды. Сосын бізді сараптамамен таныстырды. Бір күн ішінде 108 грамм апиын табылған деп сараптама шығарып қойыпты. Бүгін санкция бойынша сот болуы керек” деді адвокат Айгүл Айжарықова.

3 маусымда Ақтауда белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Полицияның хабарлауынша, белсендіден “есірткі табылып, тәркіленген”.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің "қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр" деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам "мен саған қолымды да тигізбедім" дейді.

Туыстары мен достары ұстауды қоғамдық мәселелерді ашық айтып жүрген Мұратбай Жұмағалиевтің белсенділігімен байланыстырады.