Жаңаөзенде өрт сөндіретін машина мен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам мерт болды

Жаңаөзен қаласына кіреберістегі жазу.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында өрт сөндіретін машина мен жеңіл автокөлік соқтығысып қалып, салдарынан екі адам қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы жергілікті Lada басылымы хабарлады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, жол-көлік апаты 18 қаңтарға қараған түні Манат көшесінде болған. Қызмет бабымен шұғыл кетіп бара жатқан өрт сөндіретін машина көшеде Lifan маркалы жеңіл автокөлікке соқтығысқан. Салдарынан арнаулы техника жол жиегіндегі қоршауды бұзып өтіп, жеке тұрғын үйге барып соғылған.

Оқыс оқиға болған жерден түсірілген видео мен фотосуреттер әлеуметтік желіде тарады.

"Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты. Бесеуі түрлі деңгейде жарақат алды, олардың үшеуі – өртке қарсы қызмет өкілдері. Зардап шеккендердің бәрі медицина мекемесіне жеткізілді. Бұл дерек бойынша жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның аясында оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады", – деп хабарлаған Маңғыстау облыстық полиция департаменті.

Департамент өкілдері істі полиция департаменті басшылығы ерекше бақылауына алғанын хабарлады, алайда қылмыстық іс нақты қай бап бойынша қозғалғанын айтпады деп жазды басылым.