Жанармай тапшы Қырымда бензинді талонмен беруге көшті

Қырымда жанармай алуға кезекте тұрған көліктер. 30 мамыр, 2026 жыл

Аннексияланған Қырым мен Севастополь билігі жанармай тапшылығына байланысты бензин талондарын енгізді. 31 мамырдан бастап түбектегі ATAN және TES жанармай құю станцияларында АИ-95 маркалы бензин тек талонмен, ал АИ-92 маркалы бензин бір көлікке 20 литр ғана беріледі. Севастопольде қазір бензиннің екі түрін де талонмен беріп жатыр деп хабарлады телеграм-арналар.

Қырымның ресейшіл билігінің басшысы Сергей Аксенов жағдай 30 күн ішінде қалыпқа келуге тиіс деп мәлімдеді. Севастопольдің ресейлік губернаторы Михаил Развожаев шектеулер уақытша енгізілді және ол отын қорын толықтыру үшін қажет деді.

Украина қарулы күштері Қырым түбегін Ресейдің құрлықтағы бөлігімен байланыстыратын логистика бағыттарына шабуылды үдеткеннен кейін жанармай жеткізуде қиындық басталған. Билік бұған дейін Қырымға "құрлық көпірі" деп аталатын R-280 "Новороссия" тас жолындағы көлік қозғалысын шектеген еді. Кейінгі апталарда түбекте жанармай сатуға шектеулер енгізілді, ал жанармай станцияларының көбінде АИ-95 маркалы бензин болмай қалды.

"Агенттік" басылымы Ресейде жанармайды талонмен беру кейінгі жылдары өте сирек кездесетін деп жазды. Аймақ деңгейіндегі мұндай жағдай осыған дейін 2017 жылы Магадан облысында болған. Оған дейін бензин сатуға кең ауқымды шектеулер 2011 жылы Тува, Приморье және Амур аймақтарындағы жанармай дағдарысы кезінде енгізілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина Жеңіс күні қарсаңында Ресейге шабуылын үдетті