Жаңбыршин мен Шевченко дауы: Астана соты мәжіліс депутатының сөзінде қорлау белгісі жоқ деп ұйғарды

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің фотосынан коллаж

30 тамызда Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты ЛГБТ қауымдастығы өкілі Виталий Шевченконың мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің үстінен берген ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау талабын орындамады. Істі қараған судья Айгүл Аяпбергенова Facebook-тегі даулы жазбаны зерттеген сарапшылар қорытындысына сүйеніп, оны Жаңбыршиннің "нақты факт емес, бағалау сипатындағы пікірі" деп танығанын жазды Vlast.kz басылымы.

Сотқа ұсынылған сараптама қорытындысында Жаңбыршиннің әлеуметтік желідегі пікірінде Шевченконың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін нақты теріс мәлімет жоқ екені жазылған. Сарапшылар мәтіндегі ойлар "пікір және бағалау пайымы" түрінде берілген дейді.

Алматы қалалық сот сараптамалары институтының сарапшысы Диляра Жазитованың түсіндіруінше, қорлайтын немесе беделге нұқсан келтіретін мәлімет деп танылуы үшін сөз нақты фактілер туралы тұжырым түрінде айтылуы керек. Ал бұл істе ондай факті жоқ, тек "таза субъективті пікір" бар деді маман.

Сотта Шевченконың өкілі Ерлан Қалиев Жаңбыршиннің Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты ретіндегі мәртебесі оған қоғамдық алаңда бейсауат сөйлеуге құқық бермейді деп мәлімдеді. Ол депутат этикасы мәжіліс регламентіндегі арнайы нормалармен реттелетінін және жария мәлімдемелерде қорлайтын сөздер қолданбауды талап ететінін атап айтты.

Ал Виталий Шевченко депутатпен диалогында мектепте алтыншы сыныптан он бірінші сыныпқа дейін буллингке ұшырағанын ғана айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, екеуінің арасындағы әңгімеде "қандай да бір насихатқа негіз болатындай" басқа мазмұн болмаған.

Депутат Жаңбыршин онлайн форматта өткен сот отырысына қатысқан жоқ.

Судья Аяпбергенова шағым иесі Шевченконы сараптама шығыны ретінде 131 430 теңге төлеуге міндеттеді.

Бұған қоса, сот талапкердің депутат этикасына қатысты жеке ұйғарым шығару жайлы өтінішін де қанағаттандырмады. Судья бұл мәселе азаматтық сот құзыретіне кірмейтінін айтты.

Даулы пікір былтыр тамыз айында Facebook-тегі жазбалардың бірінің астында жарияланған. 25 желтоқсанда Астана соты Шевченконың депутатқа қарсы талап арызын өндіріске қабылдап, 3 наурызда сараптама қорытындысын күту үшін істі уақытша тоқтатқан болатын.

Еділ Жаңбыршин Қазақстанда "ЛГБТ пропагандасын шектеуге" қатысты заң нормаларын ілгерілеткен депутаттардың бірі ретінде белгілі. Мәжіліс заң жобасын қабылдағанда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары "бұл – кемсітуді заңдастыру" және "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді", деп мәлімдеме жасаған. Қазақстан билігі елде ешкім жыныстық ерекшелігіне бола қудаланбайды дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ парламенті "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салды. Бұл нені білдіреді?