"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң президентке қол қоюға жіберілді

Мәжіліс қаңғыбас жануарлар туралы заң жобасына сенат енгізген түзетулермен келісіп, құжатты қабылдады. Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

"Қаралып отырған заңға парламент сенаты тарапынан бірқатар нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, иесіз жануарлардың санын реттеу мәселелері, оның ішінде тәртібі мен мерзімдері жергілікті өкілді органдардың құзыретіне берілді. Мұнымен қоса, «иесіз жануарлар» ұғымы нақтыланды. Жануарларды жансыздандыру туралы шешімді (эвтаназия - ред.) ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылды және өзге де түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда, мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгеріссіз сақталады, енгізілген түзетулер нақтылаушы сипатқа ие. Заңның тұжырымдамасы өзгермейді. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және оны сенат қолдады, - деді 6 мамырда мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалды.

Бұған дейін сенат қаңғыбас жануарларды ұстағаннан кейін бес күннен соң эвтаназия қолдану туралы норманы алып тастауды ұсынған еді. Есесіне қаңғырған жануарлардың санын реттеу тәртібін әрбір аймақтың мәслихаты өзі шешуі керек екенін айтқан.

Түзетулерге сәйкес, десе де қаңғыбас иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады, эвтаназия туралы шешім ветеринар дәрігердің қорытындысы негізінде қабылданады.

Тізімде бар жануарларды ғана сату және беруге болады. Бұл олардың иелері мен оның жауапкершілігін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, жануарларды көшеге тастағандарға айыппұл енгізіледі және оларға қатігездік көрсеткендерге жаза күшейтіледі. Егер жануар адам денсаулығына зиян келтірсе, иесі эвтаназия жасауға міндетті.

Сәрсенбі күні мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары аталған түзетулермен келісті. Заң президентке қол қоюға жіберілді.