Армения премьер-министрі Никол Пашинян мемлекеттік хаттама қызметінің жетекшісі Гагик Ваноянды қызметінен босатты. Бұл шешім Пашинян Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесу кезінде "Қазақстан президенті" деп жаңсақ айтып қалғаннан кейін, 19 қазанда белгілі болды.
Пашинян 17 қазанда Ереванда өткен келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөзге мәлімдеме жасап тұрып жаңылысқан еді. Алдын ала дайындалған мәтінді оқып жатып Пашинян: "Ең алдымен Қазақстан президенті Садыр Жапаровқа Арменияға қош келдіңіз дегім келеді", – деген. Бұл туралы Азаттықтың Армян – Азатутюн радиосы жазды.
Ресми шешімде Ваноянның қызметтен босатылуының себебі көрсетілмеген. Армения үкіметі Азатутюн радиосының ресми сауалына премьер-министр шешіміне түсініктеме бермейтінін хабарлады. Ваноянның қызметтен кетуі премьердің жаңылысқанына байланысты ма, жоқ па – ол жағы ресми түрде расталған жоқ.
Гагик Ваноян мемлекеттік хаттама қызметін 2022 жылдың желтоқсан айынан бері басқарып келген. Биыл тамыз айында Пашинян оны осы лауазымға қайта тағайындаған еді. Бұл қызмет шетелдік делегациялардың сапарларын әзірлеумен және ресми халықаралық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.
Өткен аптада Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Арменияға алғаш рет ресми сапармен барған. Келіссөздер қорытындысы бойынша, екі ел білім беру, зейнетақымен қамсыздандыру және Ыстықкөл мен Севан биік таулы көлдерін қорғау салаларын қоса алғанда, бірқатар ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.