Жапон экс-премьері Синдзо Абэні өлтірді деп айыпталған адам өмір бойына түрмеге қамалды

Тэцуя Ямагамиді (ортада) айдауылдар әкетіп бара жатыр.

Жапонияның Нара қаласындағы сот елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген деген айып тағылған 45 жастағы Тэцуя Ямагамиді кінәлі деп тауып, оны өмір бойына түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Мұны "Киодо" агенттігі хабарлады.

Ямагами 2022 жылы Нара қаласында өткен сайлауалды науқан кезінде Абэге қолдан жасалған қарудан оқ атқанын мойындады. Ауыр жараланған бұрынғы премьер-министр ауруханада көз жұмған еді.

Бұл іс бойынша сот процесі кезінде Ямагамидің қорғаушылары соттан айыпталушыға 20 жылдан аспайтын мерзімге бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Адвокаттар Ямагами діни топ тарапынан қысым мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған, ал Синдзо Абэні өлтіруге "қайғы-қасіретке толы балалық шағы" себеп болған деп түсіндірген.

Ямагамидің өзі Абэні "Бірігу шіркеуі" атты діни ұйымына қатысы бар деп есептегенін мәлімдеді. Айыпталушының анасы осы діни ұйымға қайырымдылық көмек ретінде 100 миллион иенге жуық (шамамен 633 мың доллар) ақша берген. Мұның аяғы отбасының қаржыдан айырылып, күйреуіне себеп болған.

Ямагамидің ісі "Бірігу шіркеуінің" ішіндегі жағдайларға қоғам назарын аудартты. Тергеу деректеріне сәйкес, ұйым мүшелерін садақа беруге мәжбүрлеген.

Биліктің бағалауынша, ұйымның іс-әрекетінен 169 адам зардап шеккен, ал келтірілген материалдық шығын көлемі – шамамен 2,4 миллиард иен. Сот "Бірігу шіркеуін" діни ұйым мәртебесінен айырып, оны тарату туралы шешім қабылдады. Бұған қоса Жапонияда қайырымдылық көмек жинаған кезде манипуляция амал-тәсілдерін шектейтін заң қабылданды.