Жапония Курил аралдарының белгіленуіне байланысты әлемнің жаңа картасын өзгертуді талап етті

Жапония БҰҰ Бас ассамблеясы бірнеше күн бұрын дауыс берген жаңа Equal Earth проекциясы картасына өзгеріс енгізуді талап етті. Токио оңтүстік Курилдағы даулы аралдардың картада Ресеймен бірдей түсте белгіленгеніне наразы деп жазды The Guardian.

Жапония қарарды қолдаған 164 елдің қатарында болған. Украина қалыс қалған алты елдің бірі болды: Киев картада аннексияланған Қырым Ресейдің түсімен боялғанын және Украина түсінен өзгеше екенін айтып, мұнлай сурет қауіпті прецедент тудырады деді. Қарарға АҚШ қарсы дауыс берді.

Жапония үкіметінің өкілі Минору Кихара бейсенбі, 10 қыркүйекте картада «Жапония үкіметінің ұстанымына қайшы келетін сурет бар» деп мәлімдеді.

«Біз картаны дипломатиялық арналар арқылы орналастырған сайт операторына суретті түзетуді талап етіп протест жібердік», - деді Кихара. Ол Токио аумақтық меншік және географиялық атаулар туралы «қате түсініктердің» таралуына жол бермеу маңызды екенін атап өтті.

4 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы дәстүрлі Меркатор проекциясының орнына Equal Earth проекциясын пайдалануды талап ететін қарарды мақұлдады. БҰҰ бұл құрлықтардың арақатынасын дәлірек көрсетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді: атап айтқанда, Меркатор проекцияларында Африка әлдеқайда үлкен, ал Солтүстік Америка мен Еуропа кішірек болып көрінетінін жеткізген.

  • Жапония Курилдағы төрт аралды - Итуруп, Шикотан, Кунашир және Хабомайды – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Совет одағына берілген кезден бастап талап етіп келеді. 1956 жылы Мәскеу мен Токио соғыс қимылдарын тоқтату туралы декларацияға қол қойды, бірақ бейбіт келісім сол күйі жасалмады.
  • 2003 жылға дейін жапон дипломатиясы аралдарды ресми түрде «заңсыз басып алынған» аумақ деп атаған, ал 2012 жылға дейін «ата-баба жері» деп атап келді. 2012 жылдан бастап үкімет Ресеймен келісімнен үміттеніп, мұндай сөздерден аулақ болды.
  • 2022 жылдың ақпан айында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Жапония Ресей президенті Владимир Путин мен жоғары лауазымды шенеуніктерге санкция салып, Мәскеуді сауда саласындағы артықшылықтардан айырған.