Иранда жаппай наразылықтар жалғасып жатқан тұста Түрікменстан билігі осы елмен шектесетін аймақтарда қауіпсіздік шараларын күшейтті. Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлық радиосы дереккөздеріне сүйеніп, бірқатар өңірде көлік пен азаматтарды тексеру қатаңдап, интернет байланысы айтарлықтай шектелген деп хабарлады.
Азатлық сөйлескен адамдардың айтуынша, қауіпсіздік шаралары Ахал уәлаятына қарасты Серах ауданында, оған қоса Ахал және Балқан уәлаяттарының Иранмен шекаралас өзге де өңірлерінде күшейтілген. Дереккөздер интернет байланысы толық дерлік өшірілгенін, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік министрлігі тарапынан бақылау күшейгенін хабарлады.
Азатлық мәліметінше, Түрікменстан билігі ел ішіндегі ахуалға Ирандағы жаппай наразылықтар ықпал етуі мүмкін екеніне алаңдап, арнайы әрекет ету жоспарын әзірлеген. Дереккөздердің айтуынша, іске асырылуы ықтимал шаралар қатарында интернетті шектеуді одан әрі қатаңдату, шекара маңында тұратын халықты бақылауда ұстауды күшейту және білім беру мекемелерінде алдын алу сипатындағы жиналыстар өткізу бар.
Иранда жаппай наразылық жалғасып жатқанына үшінші аптаға ұласты. Елдегі экономикалық дағдарыстың тереңдеуі түрткі болған наразылықтар шерушілердің қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарға әкелген. АҚШ-та орналасқан құқық қорғаушы белсенділер агенттігі (Human Rights Activist News Agency, HRANA) деректеріне сәйкес, наразылықтар барысында кемінде 490 демонстрант пен қауіпсіздік күштерінің 48 қызметкері қаза тауып, 10 600-ден астам адам ұсталған. Алайда Иранның ресми билігі қаза тапқандар саны жөнінде расталған мәлімет жариялаған жоқ.
Түрікменстанның ресми билігі Ирандағы жағдайға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ және қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілгені туралы жария мәлімдеме жасаған емес. Елдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары да бұл жөнінде ақпарат таратқан жоқ.
Азатлық радиосы Түрікменстанның жергілікті құқық қорғау органдары мен Ішкі істер министрлігінен түсініктеме алуға талпынғанымен олар редакцияның сауалдарына жауап бермеген.