Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантино Еуропа, Азия және Солтүстік Америка футбол конфедерацияларының қарсылығынан кейін әлем чемпионаттарын ұйымдастыру ісіне жеке инвесторлар тарту жөніндегі бастамасынан бас тартты.
Инфантино барлық тараптың пікірін тыңдаған соң жобаның футбол қауымдастығында алауыздық туғызғанын және мұндай жағдайда оның бастапқы мақсатына сай келмейтінін мәлімдеді деп жазды Reuters.
FIFA басшысының бастамасына Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (UEFA), Солтүстік және Орталық Америка, сондай-ақ Азия футбол конфедерациялары үзілді-кесілді қарсы шықты. Бұл ұйымдарға әлемдегі ұлттық футбол федерацияларының шамамен үштен екісі мүше.
Құрамына Қазақстанның ұлттық футбол федерациясы да енетін UEFA осы даулы мәселеге байланысты мәлімдемесінде: "FIFA футболды өзінің және серіктестерінің қаржы мүддесіне пайдалануды доғаруы керек", – деп сын айтқан.
FIFA 28 шілдеде жариялаған жоспарға сай, ұйым аясында өтетін жарыстарды коммерциялық негізде ұйымдастыратын FIFA Forward Enterprise (FFE) атты еншілес компания құру ұсынылған еді. Жоба аясында осы компанияның басқару құқығын бермейтін аздаған үлесін жеке инвесторларға сату көзделген еді.
Инфантино ұсынған жоспар бойынша, алғашқы инвесторлар тобына Джошуа Кушнер негізін қалаған Thrive Eternal венчурлық компаниясы жетекшілік етуге тиіс еді. Джошуа Кушнер – АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туған бауыры. Thrive Eternal компаниясы биыл сәуір айының аяғында Джошуа Кушнердің Thrive Capital Management қорының жанынан құрылған.
Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп бұл бастаманы Джанни Инфантиномен ешқашан талқыламағанын мәлімдеді.