Желіде Иаков Воронцовтың хаты тарады

Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов сотта отыр. Алматы. 16 қыркүйек 2026 жыл.

Құқық қорғаушылар мен журналистер жуырда соты басталған, қазір тергеу изоляторында отырған Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцовтың хатын жариялады. Хатта автор аштық жариялағаннан кейін тергеу изоляторы әкімшілігінің "бір адамдық камераға ауыстырамыз деп қорқытып, өзіне қысым жасағанын" айтады.

Бұған дейін яғни, 16 қыркүйекте Алматының Медеу аудандық сотында өткен алғашқы процесте прокурор "куәгерлер қауіпсіздігіне алаңдайды" деп, сот процесін жабық өткізуді сұраған еді. Қорғау жағының қарсылығына қарамастан судья өтінішті қанағаттандырды. Бұдан кейін Иаков Воронцов сотты жабық қылуға байланысты аштық жариялайтынын мәлімдеген еді.

Хатта автор өзін "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, жеті айдан бері өзінің қамауда заңсыз отырғанын, өзіне қарсы қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылғанын айтады. Оның пікірінше, сотты жабық еткендер "шындықтың ашылуынан" қорқады.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов 19 қыркүйекте Азаттыққа хат жөнінде "жазуы Иаков Воронцовтыкына ұқсайды" деді. Оның сөзінше, Воронцов "сулы аштықты" жалғастырып жатыр. Келесі аптада оған кіріп шықпақ.

Азаттық бұрынғы діни қызметкер отырған тергеу изоляторынан жауап ала алмады.

40 жастағы Воронцов биыл 13 ақпанда "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен әуелі 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат салынған үш пакет табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол 23 ақпанда 10 күндік қамаудан босап шығуға тиіс еді, алайда сол күні таңертең оны тергеушіге жауап беруге әкеткен. Адвокатының айтуынша, сол кезде оны "есірткі притонын ұстаған" және "сату мақсатын көздемей есірткі заттарын сақтаған" деген күдікпен екі айға қамаған.

Сот басталардан бірер күн бұрын Воронцовқа тағылған "Есірткі притонын ұйымдастыру" айыбы алынып тасталған.

Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін өзі ұсталды.

Воронцов қамауда болған кезде билік оны мәжбүрлеп емдеуге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға бір айға жатқызды. Сол кезде қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады деп хабарлаған. Кейін оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырды.