Қазақстанда 2016 жылғы көктемде үкімет реформасына қарсы жаппай наразылық өтті. Оған биліктің ауыл шаруашылығы жерін аукцион арқылы сатып, шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру туралы бастамасы түрткі болды. Қарсылық қарқыны күшейгендіктен, билік жер реформасына мораторий жариялады. Кейін бұл мораторий тағы ұзартылды. Бірақ 10 жыл бұрынғы митингтерге белсене қатысқан Макс Боқаев мәселе әлі шешілмеді деп санайды.
НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
2016 жылғы 24 сәуірде Атырау орталық алаңында ине шаншар жер болмады. Онда еркектер де, әйелдер де, жастар да, қарттар да жүрді. Барлығының талабы бір – ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға жол бермеу. Шерушілер қатты дайындалмағаны байқалды: қолдарында үлкен транспарант болмады, ешқандай мінбер әзірленбеді. Бар ұстағаны: "Жер тағдыры – ел тағдыры", "Жер сату – Отанды сату" деген қолдан жазылған ұраны бар шағын плакаттар.
– Мұншалық көп адам шығады деп ешкім ойламады. Мен де ойламадым, – дейді митингіге бастамашы болғандардың бірі, азаматтық белсенді Макс Боқаев. – Адамдар өздеріне қажет кезде шығады. Бұл сондай сәт болатын.
Наразылыққа шыққандар арасында жастар көп болды.
Ол алаңға барғалы тұрғаны сол күні Facebook-те жазған. Боқаев мұның санкцияланбаған акция екенін ескертіп, соған қарамастан жер кодексіне түзету енгізетін өзгерістер жайлы пікір білдіруге бел буғанын айтқан. Бұл өзгерістерді үкімет әзірлеп, парламент оны мақұлдап, президент оған қол қойып қойған еді.
Көп ұзамай белсендіге полицияға шақырту келген. Сол күні таңертең ол полиция департаментіне барғанда, тергеуші оған қылмыстық кодекстің 179 бабы бойынша ("Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не конституциялық құрылысты күштеп өзгерту") іс қозғалғанын хабарлаған.
– Ешқандай құжатқа қол қоймайтынымды, адвокатты күтетінімді айттым. Мені бірнеше сағат ұстап, кейін кезекші адвокат табылмады деп, түскі бірге қарай босатты, – дейді Боқаев.
Сөйтіп ол бірден алаңға барған.
– Онда мыңдаған адамды көрдім. Қоғамның барлық тобы жиналған. Кейін мені халық талап еткен соң босатқан шығар деген ой келді. Бұл мені жігерлендіре түсті, – дейді белсенді.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Боқаев қолына дауыс зорайтқыш алып, 1 шілдеде күшіне енуі керек болған түзетулерді жоюды талап еткен. Жер кодексіне түзету енгізетін өзгерістерге президент 2015 жылғы қарашада қол қойған. Ал 2016 жылғы наурызда сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 1,7 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері аукционға шығарылатынын мәлімдеген. Сонымен қатар жаңа заң бойынша жерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылатын болды.
– 25 жыл дегеніңіз іс жүзінде жерді сатқанмен тең. Жерді 25 жыл бойы өңдеп келген адамдар оған көп уақыт және күш жұмсағанын алға тартып, жерді өзіміздікі айтуы мүмкін еді. Ал 25 жылдан кейін жерді жалға алу мерзімін ұзартуға да болады, – дейді Боқаев.
Стихиялық митингіге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та келген. Ол айтылған талапты Астанадағы үкіметке және депутаттарға жеткізуге уәде етті.
Сөйтіп бірнеше сағат ұласқан митинг тыныш өтті: ешқандай агрессия, мемлекет мүлкін бүлдіру болмады. Адамдар тарап кетті.
ҚАРСЫЛЫҚ ТОЛҚЫНЫ ЖӘНЕ БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ
Атыраудан кейін жер реформасына қарсы митингілер Ақтөбе, Семей және Алматы қалаларында өтті. Адамдар жердің сатылуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін, жерден айырылып қалу қаупін тудыратынын айтты. Полиция наразылыққа шыққандарды ұстап жатты.
Үкімет осы тұста "жер комиссиясын" құратынын мәлімдеп, оған Макс Боқаевты да шақырды. Ол одан бас тартты.
– Мен митинг қатысушыларын қудалауды тоқтатуды талап еттім, – дейді белсенді. – Сондай-ақ комиссия мүшелерінің сайланбай қабылданғанына қарсылық білдірдім. Оған 100-ден астам адам кірсе, ішінде ары кеткенде он адам ғана қоғам өкілі болы. Кез келген шешімді көпшілік дауыспен өткізуге болатын еді. Менің уәждерім жауапсыз қалды. Сол кезде көбі бізді қамау туралы шешім мен комиссияға кіруден бас тартқан соң қабылданды деп ойлайды. Қазір мен де солай ойлаймын.
Your browser doesn’t support HTML5
Атыраудағы Жер митингісіне бес жыл. Сол кезде наразылыққа шыққандар не дейді?
17 мамырда Макс Боқаев пен Атыраудағы жер митингісіне қатысқан тағы бір белсенді Талғат Аянды рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды деп 15 күнге әкімшілік қамауға алды. Мұның алдында олар 21 мамыр күні жер мәселесі бойынша жалпыұлттық акция өткізетінін мәлімдеген. Белгіленген күн қарсаңында 20-дан астам адам алдын ала ұсталған. Ал митинг күні адамдарды алаңның өзінен ұстап әкетіп жатты. Ірі қалаларды интернет өшіріліп, тәуелсіз БАҚ сайттары ашылмай қалды.
Ұстау сәттерінің кадрлары бүкіл әлемге тарап, халықаралық ақпарат агенттіктері: "Қазақстандағы жер митингілері ұлғайып, авторитар басшыға тықыр таянды" деп жазып жатты.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев түзетулердің күшіне енуіне бес жылға мораторий жариялады. Осыдан кейін наразылық қарқыны басылғандай болды.
Бірақ сол арада Макс Боқаев пен Талғат Аянға қарсы қаралау науқаны басталды. Әкімшілік қамаудан босап шыққанда, оларды қылмыстық іс бойынша күдікті деп танып, тағы қамауға алды.
"ҚАРАЛАУ КЕРЕК БОЛДЫ". ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС, ҮКІМ ЖӘНЕ ШЕКТЕУ
Макс Боқаев пен Талғат Аянға "әлеуметтік араздық қоздыру", "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "митинг өткізу тәртібін бұзу" айыптары тағылды. 2016 жылғы қарашада әрқайсысына бес жыл түрме жазасы кесілді. Белсенділер тағылған айыпты мойындамай, істің саяси астары бар деді. Ал құқық қорғаушылар оларды саяси тұтқындар тізіміне қосты.
Сот кезінде айыптау тарабы Макс Боқаев пен Талғат Аян митинг ұйымдастыруға керек ақшаны Шымкенттегі сыра зауытының иесі Тоқтар Төлешовтен алды деп мәлімдеген. Тергеу органдары мен прокуратураның айтуынша, Төлешов саналы түрде "шиеленіс ошақтарын" құрғысы келген. Белсенділер Төлешовті танымайтынын, одан ешқандай ақша алмағанын айтты.
Тоқтар Төлешовтің өзі кейін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен ұзақ жылға сотталды.
– Шамасы, оларға наразылық ұйымдастырушыларды қаралау керек болды. Әуелі теледидардан әлдекім біреуге ақша беріп жатқаны көрсетілген қойылым видеоны таратты. Мұны шетелден қаржыландыру ретінде көрсеткісі келді. Содан кейін Төлешов туралы әңгіме шықты. 2022 жылдың аяғында Төлешов Талғатқа қоңырау шалып, жылаған, бізге жала жапқанын мойындаған, ұлы үшін уайымдағанын айтқан, – дейді Макс Боқаев.
Your browser doesn’t support HTML5
Белсенді Макс Боқаев жайлы сіз білу керек 5 дерек
2018 жылғы сәуірде Талғат Аян мерзімінен бұрын бостандыққа шықты: қалған мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Боқаев мерзіміне бұрын босату туралы өтініш беруден бас тартқан. Ол жаза мерзімін толық өтеп, 2021 жылғы ақпанда босап шықты. Алайда билік оны әкімшілік бақылауға алған. Бұл шектеу аясында оған қоғамдық қызмет айналысуға, митингілер мен дебаттарға қатысуға тыйым салынған. Боқаевтың өзі шектеулердің заңсыз екенін айтқан.
Сондай-ақ Макс Боқаев "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар" жөніндегі мемлекеттік тізімге кіргізілген. Бұл тізімге "экстремистік" дейтін баптар бойынша сотталғандарды қосады. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бұл тізім адамдардың құқығын бұзып, экономикалық блокадаға әкеледі деген.
– Банк шотын аша алмаймын, үкіметтік емес ұйым құра алмаймын, оған мүше бола алмаймын, қоғамдық қызметпен айналыса алмаймын, сайлауға түсе алмаймын, тіпті қоғамдық көлікте жол ақысын төлей алмаймын. Сақтандыру [полисін] де ала алмаймын. Қазір бар болғаны нотариалды сенімхат бере аламын. Бірақ мүлік мәселесіне қатыса алмаймын, сату және сатып алу келісімін жасай алмаймын, – дейді Боқаев.
Бұл шектеулер 2030 жылға дейін созылмақ.
Заң бойынша, мұндай жағдайға тап болған адамға ең төменгі жалақы – 85 мың теңге қарастырылған. Боқаевтың тұрақты жұмысы жоқ.
– Әріптестерім қолдан келгенше көмектеседі. Нәпақа табуға, аштан өлмеуге жәрдемі тиіп жатыр. Кейінгі жұмыстарымның бірі ретінде саяси тұтқындарға арналған практикалық кеңес жаздым, – дейді ол.
Азаматтық белсенді уәкілетті органдарға жүгініп, банк шоттарына қойылған шектеулерді алып тастауды сұраған. Бірақ оң жауап ала алмаған. Енді ол Конституциялық сотқа жүгінбек.
Талғат Аян 2021 жылдан бері бұл тізімде жоқ. Азаттық Азия редакциясы оған хабарласа алмады. Бейресми ақпарат бойынша, ол азаматтық белсенділік жолынан кетіп, қазір коммерциялық салада қызмет атқарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Талғат Аян: Наразылыққа шығарда жауапкершілік барын білдікМОРАТОРИЙДІҢ ҰЗАРТЫЛУЫ ЖӘНЕ ШЕШІЛМЕГЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ
2021 жылғы көктемде билік ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жекеменшікке беруге қойылған мораторийді тағы бес жылға – 2026 жылдың аяғына дейін ұзартты.
Белсенділер жер мәселесі шешілмеген күйі қалғанын айтады.
– Өкінішке қарай, мәселе әлі шешімін таппады, – дейді Боқаев. – Мораторий жариялады. Бірақ мәселе түбегейлі шешілмеді.
2016 жылы үкімет құрған жер комиссиясы құрамындағы болған экономист Мұхтар Тайжанның сөзінше, Астана түпкілікті шешімді тезірек қабылдауға асығуға керек.
– Заңнама алдағы жарты жылда өзгертілмесе, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жерлері, яғни Қазақстан аумағының 80 пайызы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың меншігіне сатылуы мүмкін. Бұл – ескерусіз қалдыруға болмайтын факт. Бұл мәселе шешілуге тиіс, – дейді Тайжан.