Жетісу облысында жол апатынан бес адам қаза болды

Жетісу облысында жол апатынан бес адам қаза болды, екі адам жарақаттанды. Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 24 қаңтарда сағат 15:30-да Ақсу ауданында «Көшкентал – Қапал» автожолының 4-шақырымында болған.

Алдын ала мәліметке қарағанда, Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы көліктері соқтығысқан.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза болды. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған 2 жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді" деп жазылған полиция хабарламасында.

Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы барған, тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Қылмыстық іс қозғалған.

"Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, барлық нұсқалар қарастырылуда" деді полициядағылар.

Департамент өкілдері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбай, арақашықтықты сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.