"Жосықсыз ұстау". Қазақстанның адам құқығы бюросы Ермек Нарымбаев жайлы мәлімдеме жасады

Ермек Нарымбаев

Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы оппозициялық белсендісі Ермек Нарымбаевты Қырғызстанның билік өкілдері Қазақстанға берген кезде заң талаптары бұзылған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ұйым бұл мәлімдемесін 5 тамызда жариялады.

Содан бір күн бұрын Астана қаласының соты Ермек Нарымбаевты екі жарым жылға бостандығынан айырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына үш жарым жылға тыйым салған. Белсенді әлеуметтік желілерге пост жариялауға тыйым салған сот шешімін бұзды деген айыппен сотталды.

"Ермек Нарымбаевты оған қатысты заңды күшіне енген сот үкімі я қылмыстық қудалау сынды жеткілікті негіз жоқтығына қарамастан Қазақстанға беріп жіберген. Нарымбаевты республика аумағына әкелгеннен кейін ғана қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне (БСТТ) тіркелген", — деген адам құқығын қорғау бюросы мәлімдемесінде.

Құқық қорғаушылар бұған қоса Нарымбаевты Қырғызстан тарапы Қазақстанға депортация я экстрадиция туралы процестік шешімсіз бергенін атап көрсеткен.

Сот барысында белсенді Қырғызстаннан Қазақстанға қарай шекарадан өткен кезде ол жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетпегені айтылған еді.

Бюро бұл жағдайда Қазақстан мен Қырғызстан адамның еркіндігі мен жеке басына қол сұғуға болмайтынына кепілдік беретін және шетелдіктерді елден шығару тәртібін белгілейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің талаптарын бұзған болуы мүмкін деп есептейді.

Нарымбаевты Қырғызстанда ұстап, кейін Қазақстанға жеткізуді және оған қатысты қылмыстық қудалауды "жосықсыз ұстау" деп бағалауға болады деп мәлімдеген бюро.

Your browser doesn’t support HTML5

Астанада саяси белсенді Нарымбаев 2,5 жылға сотталды. Айыбы не?

Биыл ақпан айының басында Бішкекте ұсталып, кейін Астанаға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалған, содан бері абақтыда отырған Ермек Нарымбаев сотта сөйлеген соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол қылмыстық істе жәбірленуші де, келтірілген залал да жоқ екенін, өзін ұстау және қамау шараларын заңсыз деп санайтынын мәлімдеді.

Азаматтық белсенділікпен айналысып келе жатқанына ширек ғасыр болған Ермек Нарымбаев осы кезең ішінде бірнеше рет істі болып, жауапқа тартылған. Соның төртеуінде билік оған қарсы қылмыстық іс қозғап, өзге істерде әкімшілік заң бойынша жаза қолданған.

Нарымбаевтың адвокаты белсендіге қарсы қозғалып, айыптау үкімімен аяқталған қазіргі істі "саяси астары бар қудалау" деп атады. Ал Қазақстан билігі елде саяси ой-көзқарасына бола қудалау көрген ешкім жоқ деп айтып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Астана соты белсенді Ермек Нарымбаевты екі жарым жылға қамауға үкім еттіПрокурор белсенді Ермек Нарымбаевқа 3 жыл бостандығынан айыру жазасын сұрады "Жасанды интеллектінің жауабы үшін кінә тақты". Ермек Нарымбаев айыпты мойындамайтынын айттыБішкекте ұсталған Ермек Нарымбаевты Астанаға әкеп, екі айға қамадыДиссидент Ермек Нарымбаев Алматыға келе сала ұсталды