ЖСДП атынан Құрылтай сайлауына 33 адам түсетін болды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Асхат Рақымжанов (оң жақта) журналист Асхат Ниязовқа cұхбат беріп тұр. Астана, 8 шілде, 2026 жыл.

8 шілде күні Астанада Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) кезектен тыс XXV сиезін өткізді.

Алқалы жиынға елдің әр өңірінен келген 150 делегат қатысып отырғаны айтылды. ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов өз сөзінде 20 жылдық тарихы бар партияның бұған дейін парламентте жинаған тәжірибесі Құрылтайда да жұмыс істеуге жеткілікті деп мәлімдеді. Жиында партияның "Прогресс жолындағы 20 белес" атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.

Бұдан соң 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына партия атынан депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған 33 үміткерден тұратын тізім бекітілді. Оған енгендердің бәрі партия жұмысы мен қоғамдық қызметі барысында өзін көрсете білген адамдар деп мәлімдеді ЖСДП төрағасы.

"Бұл – жай ғана фамилиялар тізімі емес. Бұлар социал-демократия идеясының Қазақстанда өміршең екенін нақты іспен дәлелдеген адамдар. Олардың әрқайсысы уақыт сынынан, өңірлердегі жұмыстан өткен, идеологиялық ұстанымымен және халықпен жұмыс барысында танылған", – деді Рақымжанов.

ЖСДП-ның сайлау тізіміне өңірлік филиалдар төрағалары, орталық аппарат қызметкерлері, әйелдер мен жастар қанатының жетекшілері және өзге де партия мүшелері енді. Олардың арасында партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Анаргүл Әбенова, Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аружан Әленова, Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Сапарбай Бұғабаев, ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай, орталық аппараттың атқарушы хатшысы Нұрлан Жабаев, партияның орталық аппараты жетекшісі Мақсұт Насибулов, Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығының төрайымы Нұрия Балтабайқызы және өзге де адамдар бар.

Олармен бірге партиялық тізімге ЖСДП төрағасы әрі жақында таратылған парламентте мәжіліс депутаты болған Асхат Рақымжанов, бұрынғы депутаттар Ажар Сағындықова, Наурыз Сайлаубай және Нұрлан Әуесбаев енді.

Қазақстанда 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, елдің жаңа парламенті – бір палаталы Құрылтайға жиыны 145 депутат бес жыл мерзімге алғаш рет сайланбақ. Депутаттыққа кандидаттар тек партиялық тізім бойынша ұсынылады.

Қазірге дейін сайлауалды сиездерін өткізген Respublica партиясы 76 кандидаттан, "Ақ жол" партиясы 63 кандидаттан, "Ауыл" партиясы 69 кандидаттан, ал Қазақстанның халық партиясы 72 кандидаттан тұратын тізімдерін бекіткен. 9 шілдеде "Байтақ" жасылдар партиясы, ал 10 шілде күні жақында жаңадан құрылған және ондаған жыл бойы парламентте басым көпшілік орын иемденіп келген билік партиясы Amanat-ты өзіне қосып алған "Әділет" партиясы сиездерін өткізбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ауыл" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне 69 адам ендіҚұрылтай сайлауы алдында қазақстандық партиялар бір-бірін сынады"Ақ жолдың" партиялық тізіміне 63 адам ендіRespublica-ның партиялық тізіміне 76 адам енді"Жеті партияның бір-бірінен айырмашылығы жоқ". Жаңа Конституция мен Құрылтай сайлауы жайлы сұхбат