Журналист Ахмедияров Ресейдегі іздеуге байланысты жүргізуші куәлігін алмастыра алмай отырғанын айтты

Лұқпан Ахмедияров

27 тамызда қазақстандық журналист және "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедияров Ресейде өзіне іздеу жариялануына байланысты Астанада жүргізуші куәлігін ауыстыра алмағанын хабарлады.

"Жүргізуші куәлігімді жаңарту үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым (қазіргі куәлігімнің мерзімі өтіп кеткен еді). Ал Қазақстан полициясы маған, Қазақстан азаматына, мемлекеттік қызмет түрін көрсетуден бас тартты, себебі мен Ресей ішкі істер министрлігінің сұрауымен «Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратуға» қатысты жаңа бап бойынша халықаралық іздеуде екенмін" деп жазды журналист.

Азаттық Азия Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан, ондағылар "ақпаратты біліп көруге" уәде берді.

Бұл кейінгі кезде журналист кезіккен бірінші шектеу емес.

25 тамызда Астана әуежайында өзін полиция қызметкерлері тоқтатып, Ресейде оған қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша түсініктеме талап еткенін хабарлаған еді.

Оның алдында Ахмедияров отбасымен бірге билет сатып алып, Черногорияға демалысқа бармақшы болған кезде Астана әуежайында оны елден шығармай қойған.

Астана полициясы екі оқиғаға да түсініктеме бермеді.

Шілдеде Лұқпан Ахмедияров Астанада көлігіне белгісіз біреулер бояу шашып кеткенін хабарлаған. Айтуынша, полиция олардың аты-жөнін анықтамаған.

Сол айдың басында Ахмедияров WhatsApp-тағы аккаунттарының бұғатталғанын хабарлаған. WhatsApp-тан бөлек, оның Instagram парақшасы да жабылып, Facebook-ға кіре алмай қалған.

Маусымда Ахмедияровты Оралда полицейлер ұстап, Ресей ішкі істер органдарының сұрауымен халықаралық іздеуде екенін хабарлап босатқан.

Лұқпан Ахмедияров - Орал қаласынан шыққан тәуелсіз журналист. Аймақтық баспасөзде жұмыс істеген журналист 2012 жылы кәсіби қызметіне байланысты қастандықты да басынан өткерді. Қазір Астанада тұрады. 2021 жылы әріптесі Рауль Упоровпен бірге YouTube-те «Просто журналистика» арнасын ашты, онда қоғамдық-саяси оқиғаларды, Украинадағы соғысты және Қазақстанда кедергісіз таралып жатқан ресейлік үгіт-насихат туралы баяндайды.