Журналист Әсет Матаев Алматыдағы бұзақылық ісі бойынша үш айдан кейін жәбірленуші танылды
Бұл жөнінде адвокат Юлия Колпаковаға сүйенген ҚазТАГ жазды.
“Бүгін, 27 маусымда бізді Алматының Медеу аудандық полиция басқармасына шақырып, бұзақылық ісі бойынша қылмыстық істе Әсет Матаевты жәбірленуші ретінде танығанын хабарлады. Сол соққының салдарынан мен қорғап отырған азаматтың басына доңғалақ тірекпен бірнеше соққы тиген, оған бас сүйегінің сол жақ маңдай сүйегінің сынуы диагнозы қойылды. Денсаулыққа келтірілген залал орташа дәрежеде ауыр деп танылды. Соған қарамастан мен қорғап отырған азамат Алматыда уақытша ұстау изоляторына, кейін тергеу изоляторына қамалды. 107-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды (Денсаулыққа қасақана орташа дәрежеде зақым келтіру)” деді адвокат.
Наурыздың соңында полиция Алматыдағы төбелестен соң "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалып, төбелеске қатысушылар оның ішінде, Матаев та ұсталғанын хабарлаған еді. Адвокаттары сол кезде оның басы жарылғанын айтып, денсаулығы нашар болғанына қарамастан оны қамауда ұстап отырғанын хабарлаған. Кейін Матаевтың үйқамаққа босатылғаны белгілі болды.
“2025 жылдың шілдесінен 2026 жылдың наурызына дейін Әсет Матаевты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартты деп санаймыз. Бұзақылық ісі бойынша оны үш айдан астам уақыттан кейін – мемлекеттік органдарға шағым түсіргеннен кейін жәбірленуші таныды” деді адвокат Колпакова.
Қазір Алматыда Freedom шағымы бойынша ҚазТАГ басшылары үстінен қозғалған іс бойынша сот жалғасып жатыр. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ басшылығы бұл қылмыстық істі сөз бостандығын шектеу әрекеті деген.
Бұған дейін "Бұзақылық" ісінің осы іске біріктірілгені белгілі болған еді.