Журналист Гүлнар Бажкенованың соты 2 шілдеге белгіленді

Гүлнәр Бажкенова. Шілде айы, 2025 жыл.

Алматыда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталады. Бұған дейін алғашқы сот отырысы 26 маусымда өтеді деп хабарланған. Алайда кейін оның 2 шілдеге шегерілгені белгілі болды. Бірінші сот отырысы №2 Бостандық аудандық сотында сағат 10.00-де басталады.

Бажкеноваға үш бап бойынша айып тағылған: "Заңсыз кәсіпкерлік" (214 бап), "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап), "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап, 4-бөлім).

Былтыр жыл соңында Гүлнар Бажкенова "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікке ілініп, үйқамаққа алынған еді. Полиция оның үйін тінтіп, қолма-қол ақша, компьютер, смартфонды тәркілеген.

Қылмыстық іс қозғалғанға дейін журналист өзі басқаратын басылымды "рейдерлік жолмен" тартып алайын деп жатқанын, өзін "қызметтен шеттететінін" айтып дабыл қаққан еді.

Orda.kz оқырмандары мен бақылаушылардың топшылауынша, қудалау өткен күзде шығып, дауға айналған материалдармен байланысты болуы мүмкін. Онда Бажкенова сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді "заңға қайшы әрекет" жасады деп айыптап, оны Астанада ұстағанын да айтқан еді. Ресми органдар мұны жоққа шығарды, ізінше Нұртілеу сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Бұған дейін Orda.kz басылымына халықаралық ұйымдар араша түскен. "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін сайттың бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған. Астана бұл мәлімдемеге келіспей, "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деген.