Журналист-зерттеуші Болот Теміров Лондонда халықаралық The Albies сыйлығын алды

Қырғыз журналисі Болот Теміровті марапаттаған сәт.

Қырғызстан соты "экстремистік қызметпен" айналысты деп таныған журналист-зерттеуші Болот Теміров "Әділет үшін" қоры тағайындаған халықаралық The Albies International сыйлығын алғанын хабарлады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, марапаттау рәсімі 7 қазанда Лондонда өтті.

Теміров бұл марапат өзінің туған елі Қырғызстанда материалдары "экстремистік" деп танылған Temirov Live және "Айт, айт десе" жобалары жұмысының халықаралық деңгейде танылғанын білдіреді деді. (Құқық қорғаушылар Бішкек сотының шешімін айыптаған).

Халықаралық Albies сыйлығы Болот Теміров пен оның әйелі, журналист-зерттеуші Махабат Тәжібекқызына берілді. Алайда Тәжібекқызы марапаттау рәсіміне қатыса алмады. 25 тамызда Бішкек соты оған Лондонға баруға рұқсат бермеді.

The Albies сыйлығын 2022 жылдан бері актер Джордж Клуни мен оның әйелі – адам құқығы бойынша адвокат Амаль Клуни негізін қалаған "Әділет үшін" қоры тағайындайды. Сыйлық адам құқығы мен әділетті қорғау саласында істеген тұлғаларға беріледі.

Махабат Тәжібекқызы 2024 жылдың қаңтарында Temirov Live жобасының қазіргі және бұрынғы он қызметкерімен бірге тұтқындалды. Сол жылдың қазан айында сот оны «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, алты жылға бас бостандығынан айырды.

2026 жылы наурызда Жоғарғы сот алдыңғы инстанцияда шыққан шешімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Кейін Тәжібекқызы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір оның ісі қайта қаралып жатыр.

Болот Теміров 2022 жылы Қырғызстан азаматтығынан айырылып, елден шығарылды. Қазір ол шетелде жүріп Temirov Live жобасын жалғастырып жатыр. Жоба жемқорлықты әшкерелеумен айналысады.

Былтыр Бішкектің Октябрь аудандық соты Болот Теміровтің қызметін "экстремистік" деп таныды. Бірқатар халықаралық ұйымдар, арасында Нью-Йоркте шоғырланған Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) де бар, сот шешімін сынады.