Журналистер "Орыс қауымдастығын" қолдайтын миллиардерді анықтады

Ресейде құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мигранттарға қарсы рейд жүргізетін "Орыс қауымдастығы" тобын саясаттанушы Сергей Михеев пен миллиардер Игорь Худокормовтың қорлары қаржыландырады. BBC Eye және BBC-дің Орыс қызметі жүргізген зерттеуде осындай мәлімет айтылады.

Худокормов - Ресейдегі ең ірі қант өндіруші Prodimex компаниясының иесі. Зейнетке шыққан офицер 1990 жылдардың басында украин қантын Пензаға жеткізе бастаған. 1998 жылы Худокормов және оның серіктері Ресейдегі алғашқы қант зауытын сатып алды. Forbes оның активтерінің құнын 2026 жылы 1,9 миллиард доллар деп бағалайды.

Журналистердің айтуынша, миллиардер Ресейдің вице-премьер Дмитрий Патрушев, ФСБ-ның бұрынғы директоры Николай Патрушевтің ұлының ықпалына ұшыраған.

Америкалық сауда деректерінің агрегаторы ImportGenius мәліметтері бойынша, Prodimex – Еуроодақтың маңызды сауда серіктесі.

BBC журналистері зерттеген құжаттарда тағы бір адамның аты аталады – Сергей Михеев. Ол соғыс туралы көп айтатын жүргізуші Владимир Соловьевтің бағдарламаларында жиі көрінеді. The Insider басылымының мәліметі бойынша, шетелдегі сайлау науқандарына қатысып, сол туралы өзінің басшысы, ФСБ резервіндегі полковник Валерий Максимовке есеп беріп отырған.

"Орыс қауымдастығының" Ярославльдегі бөлімшесінің өкілі Павел Омельницкий де BBC-дің Орыс қызметіне "шаралар ФСБ және тергеу комитетімен" келісілетінін растады. Бұған дейін "Орыс қауымдастығы" мен ФСБ арасындағы байланыс туралы "Медуза" да жазған.

Басылымның арнайы қызметке жақын жүрген дереккөзінің айтуынша, "Орыс қауымдастығы" қосымша бюджетті игеру үшін, ал одан кейін ұлтшылдарды қылмысқа итермелеп, ізінше "супертеррорист" сияқты ұстау үшін құрған. Уақыт өте келе "Орыс қауымдастығы" православ шіркеуінің бақылауына көшкен.

Бұған дейін "Новая газета" аталған қауымдастықты миллиардер, "Царьград" телеарнасының негізін қалаушы, Украинаның шығысындағы сепаратистерді қаржыландырған Константин Малофеевпен байланыстырған.

"Орыс қауымдастығы" әсіреоңшыл қозғалысы 2020 жылы құрылған және өзін "орыс халқын өзара көмек арқылы біріктіретін кеңістік" ретінде көрсетіп, елде жүздеген аймақтық және қалалық филиалдар ашқан.

Қозғалыстың мүшелері мигранттарға қарсы рейдтер өткізіп, "дәстүрлі құндылықтарға" қайшы келетін ұйымдардың шараларына кедергі жасап келеді. Мұндай рейдтерде ұсталғандар кейін көп жағдайда қылмыстық істер бойынша күдікті немесе айыпталушыға айналады.

2023-2025 жылдар аралығында ұйым 900-ден астам рейдке қатысқан. 300-ден астамын – күштік құрылым өкілдерімен бірге жүргізген.