Accessibility links

Лондонда ТМД-ның Бизнес саммиті мен Қазақстанның экономикалық форумы өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Осы Маусымның 25-27-сі аралығында Лондонда ТМД-ның Бизнес саммиті мен Қазақстанның Экономикалық форумы болып өтті. Саммитті ұйымдастырып отырған Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы - Қазақстанда жұмыс істейтін және инвестицияларды жүзеге асыратын Еуропалық одақ компаниялары мен Еуропалық делегация комиссиясының бастамасымен 1999 жылы құрылған болатын. Саммит пен форумға Қазақстан, Ресей және Украина делегациялары, сондай-ақ, алыс шетелдік дипломатиялық және іскерлік топ өкілдері қатысты. Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы баспасөз қызметінен хабарлағанындай, ТМД-ның Бизнес саммиті 1998 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және ТМД аумағында іскерлік қызметпен айналысатын барлық саяси және іскер топтар үшін ашық. Саммитті ұйымдастырушылардың басты мақсаты - ТМД аумағында іспен айналысатын еуропалық және американдық компанияларға қолдау көрсету. ТМД-ның Бизнес саммиті мен Қазақстанның Экономикалық форумына ресейлік LUKoil компаниясы мен Шеврон Тексако компаниясының басшылары да қатысты. Дегенмен, бірқатар тұрақсыздыққа қарамастан, ТМД аймағында халықаралық кәсіпкерлік пен сауда-қаржылық ықпалдастықтары күннен-күнге кеңейіп келеді. Саммит пен форумда басқа да мәселелермен бірге, қазақстандық экспорттың ұзақмерзімдік перспективасы мен ТМД және Еуропа рыноктарына жеткізілімдердегі қазақстан-ресей ынтымақтастығы талқыланды.

ҚАЗАҚСТАН ҚОР БИРЖАСЫНДА ТЕҢГЕНІҢ ДОЛЛАРҒА АЙЫРБАСТАЛУ ОРТАША БАҒАМЫ 147,59 ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

2-шілде күні Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің долларға айырбасталу орташа бағамы жұмадағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,04 теңгеге арзандап , бір долларға шаққанда 147,59 теңгені құрады. АҚШ доллары бойынша Қазақстан қор биржасындағы сәрсенбі күнгі сауда-саттық көлемі 3,655 миллион долларға жетті. Ал сейсенбіде АҚШ валютасы бойынша сауда көлемі 3,145 млн. долларды құраған болатын.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ БАНКІ ШЕТЕЛ ВАЛЮТАЛАРЫНЫҢ РЕСМИ БАҒАМЫН БЕЛГІЛЕДІ

Ұлттық банкі 1-шілде күнгі жағдаймен шетел валюталарының ресми бағамын төмендегідей ғып белгіледі : 1 АҚШ доллары үшін -147,68 теңге, 1 евро үшін -169,1 теңге, 10 жапон иені үшін -12,33 теңге , 1 қытай юані үшін - 17,84 теңге, 1 ресей рублі үшін - 4,86 теңге, 1 қырғыз сомы үшін - 3,59 теңге. Ұлттық банктің ресми бағамын көрсеткен жалпы тізімге дүниежүзіндегі 26 елдің валютасы еніпті.

МАУСЫМ АЙЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА ИНФЛЯЦИЯ КӨЛЕМІ ТЕК 0,1 ПРОЦЕНТТІ ҚҰРАДЫ

2003-жылдың маусым айында Қазақстанда инфляция көлемі тек 0,1 процентті ғана құрады. Бұл туралы ҚР статистика жөніндегі Агенттігі хабарлады. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, маусымда азық-түлік өнімдерінің бағасы өзгерген жоқ, ал өнеркәсіп өнімдерінің бағасы мен қызметтер ақысы 0,2 процентке қымбаттады. Жалпы Қазақстан бойынша 2003-жылдың алғашқы жартысында тұтыным тауарларының құны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,3 процентке өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 3,1 процентті құраған болатын.

ҚАЗАҚСТАНДА 1-ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЖАҢА ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕНЕ БАСТАДЫ

Қазақстанда 1-шілдеден бастап жаңа зейнетақы төлене бастады. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік жағынан қорғау министрлігінің хабарлауынша, 1- шілдеден бастап Қазақстанда 1 млн. 15 мың зейнеткердің зейнетақысы қосылып отыр. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік жағынан қорғау министрлігінің баспасөз қызметі берген түсініктемеге жүгінсек, бұл жаңа ұлғайтуға тек бұған дейін жоғары айлық жалақы және ұзақ еңбек стажына қарамастан 5-8 мың теңге көлеміндегі ең аз мөлшерде зейнетақы алып келген зейнеткерлер ғана қамтылады. Ал еңбек стажы төмен әрі айлық жалақысы аз зейнеткерлердің зейнетақысы бұрынғы қалпында қалады. Ең төменгі зейнетақы көлемі 5500 теңгені құрайды. Республика бойынша орташа зейнетақы мөлшері 6484 теңгеден 7915 теңгеге дейін өседі. Еңбек еткен жылына және айлық жалақы мөлшеріне қарай зейнетақыға қосылатын үстеме 100-ден 4800 теңге аралығында болмақ. Республика бойынша орташа үстеме 2300 теңгені құрайды. Сондай-ақ, баспасөз қызметінің хабарлауынша, зейнетақының ең жоғарғы көлемі 15 айлық есеп көрсеткішінің 75 проценті шамасында, бұрынғы қалпында қалады. Қазір айлық есеп көрсеткіші 872 теңгені құрап отыр. Зейнетақы көлемін келесі жолы ұлғайту мерзімі 2004-жылдың 1-қаңтарына деп белгіленген.

2003-ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР-МАМЫР АЙЛАРЫНДА ӨСКЕМЕНДІК КәСІПОРЫНДАРДЫҢ СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ 325 МЛН. ДОЛЛАРДЫ ҚҰРАДЫ

2003-жылдың қаңтар-мамыр айларында Өскемендік кәсіпорындардың сыртқы сауда айналымы 325 млн. долларды құрады ( Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы көрсеткіштің 76,4 % ). Бұл 2002-жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,8 % төмен. Бұл туралы қалалық статистикалық басқармадан хабарлады. Ал экспорт көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 18,5%-ке азайып, 154,9 млн. долларды құрады, импорт 170,3 млн. долларға жетіп, өткен жылғыдан 12,3 просентке артты. Экспорт көлемінің импорттан азаюы салдарынан сыртқы сауда сальдосы 15,4 млн. доллар көлеміндегі пассивті көрсеткішті құрады.

2002-жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда шетелдерге шығарылатын экспорттың азаюы химиялық өнімдер, пластмасса және каучук экспортының 57,3 процентке, минералды өнімдер экспортының 50 процентке, металлдар экспортының 14 проценке, азық-түлік өнімдерінің 17,6 процентке азаюы есебінен болып отыр.

Ал шетелдерден әкелінетін қағаз және одан жасалған өнімдер көлемінің 8 есе, азық-түлік өнімдері мен өндірістік шикізат өнімдерінің 2 есе, табиғи материалдар мен әйнек бұйымдардың 34,2 процентке, химиялық өнімдер, пластмасса және каучук импортының 12,6 процентке артуы есебінен 2002-жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда импорт ауқымы артты.

Экспорттың 92,2 проценті, импорттың 81,3 проценті еркін конвертациялық валюта есебінен жүзеге асырылды.

Өскемендік өнімдер дүниежүзінің 34 еліне экспортталды, соның ішінде экспорттық өнімдердің жалпы көлемінің 29,8 % Швейцарияға, 15,4% -Қытайға, 13,8 % Ресей Федерациясына, 11,4% АҚШ-қа, 6,9% -Нидерландыға шығарылды. Ал дүниежүзінің 43 елінен өнім сатып алынды, атап айтсақ, Ресейден 74%, Германиядан - 4,2%, Украинадан - 3,4%, Перу және АҚШ-тан - 2,8%, Қытайдан - 2,5%.

2003-ЖЫЛДЫҢ ҚАҢТАР-МАМЫР АЙЛАРЫНДА ӨСКЕМЕНДЕ НЕГІЗГІ КАПИТАЛҒА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 3,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

2003-жылдың қаңтар-мамыр айларында Өскеменде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,558 млрд. теңгені құрады (Шығыс Қазақстан облысы бойынша жалпы инвестицияның 43 %).

Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,6 % төмен. Бұл туралы қалалық статистикалық басқармадан хабарлады. Инвестициялардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 50,3% -і құрал-жабдық, сайман және керек -жарақ сатып алуға, 48,9%-і құрылыс-нысандарды салу және күрделі жөндеу мақсаттарына жұмсалды. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 92,3 проценті кәсіпорын және ұйымдардың өз қаржысы есебінен (2002-жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 86,5 процентті құраған болатын), ал 0,5 проценті республикалық бюджет есебінен (2002-жылы 0% ), 7,1 проценті жергілікті бюджет есебінен (2002-жылы 13,5%), 0,1 проценті шетелдік инвестиция есебінен (2002-жылы 0%) шығарылды. Негізгі капиталға салынған инвестицияны құрылымдық тұрғыдан алсақ, 63,7 проценті өңдеу өнеркәсібіне, 7,4 проценті көлік және байланыс саласына, 6 проценті электр энергиясы, газ және су тарату саласына салынды.
XS
SM
MD
LG