Accessibility links

90 жастағы әже 21 немере, 23 шөбере сүйіп отыр


Ана-көрген тон пішер, әке-көрген оқ жанар,-дейді халық даналығы. Алайда, ана мейрімі мен әке қамқорлығын көрмей, шөліркеп өскен жандардың арасында да қиындыққа мойымай өмірден лайықты орын алып жүргендері аз емес. Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында тұратын 90 жастағы Биғайша Ербосынқызы Алмабекова әжей осындай жан. Биғайша әжей 10 құрсақ көтерген. Оның жетеуі тірі, ержеткен. Олардан 21 немере, 23 шөбере тараған. Енді осы отбасында болып, көнекөз қариямен дидарласқан астаналық тілшіміздің хабарына құлақ түріп көріңіздер.

Ұзақ өмір сүрудің сыры неде? 90 жастағы Биғайша Алмабекова әжей оны еңбекті сүйе білуден іздейді. Жастайынан жетім қалып, өгей шешенің қолына қарап қалған қаршадай қыз әріп танып, білім алғанда емес.Қосағы Нүсіп Алмабековпен отау құрып, 10 бала сүйу бақытына ие болғанмен, бұл қуанышты бірге бөлісу маңдайға жазбапты. “Жолдасым дүниеден өткенде балалар әлі қатарға қосылып кетпеген, жас еді.Нүсіптің шаңырығының атына кір келмесін, балалар тарықпасын деп намыспен күні-түні еңбек еттім дейді, өткенді еске алған Биғайша әжей.

Мен өзім он құрсақ көтердім. Солар қатарынан қалмаса екен деп қара есекпен су тасып, шөп шаптым. Түнде жылаймын да күндіз сыбанып, ылғи еркектің жұмысын істедім. Бұлар еңбегімді ақтады. Он баланың үшеуі қайтыс болды. Қалғаны өсіп жетті.

Биғайша әжей,балаларының барлығы да жоғары білім алған. Балаларының үлкені 70 жасқа таяған, ал, немерелерінің үлкені 45 жаста, ал шөбересінің үлкені 22 жаста. Енді осы шөберелерінің де өмірден өз орындарын табуын тілейді. Қария олардың атын аттап, түсін түстеп, айтуға тырысады. Бірақ есімдерін айтқанда жаңылысып қалады.

Немерелерімнің атын білемін, шөберлерімнің атын білмеймін.

Көпті көрген қариядан кешегі мен бүгінгі уақыт арасындағы айырмашылықты сұраған едік.

Тең емес қой енді, дейді ол. Бұл уақытта жаман емес,тек тыныштық берсін. Бәрі жақсы. Бұрынғы уақыттың құлдығы да болды, өтті ғой оның бәрі. Бала-шағам аман болсын,- дейді қария.

Қария теледидарда болып жатқан бағдарламаларды да қарайды. Өмірде болып жатқан оқиғалардан да хабардар. Есту, көру қабылеті бақуатты. Қолынан әлі ине-жібі түспеген. Кенже ұлы Жұмабек Алмабеков, анасының денсаулығындағы мұндай ерекшелікті, жастайынан жылқы етін жеп, қымыз ішкеннің арқасы дейді. Бүгінде шырқы бұзылған отбасыларды аз кездестірмейсіз. Биғайша әжей болса, келіні Махаббатты мақтап, батасын төгіп отыр.

Келінім жақсы қарап, бағып отыр. Тілмен түйреп отырса, ондай адамды кім жақсы көреді. Мен үндемеймен. Солай өтемін. Ешбір шаруасына араласпаймын. Келіндерімнің өздері біледі.

Келіні де енесінің көңілінен шықпайды. Махабаттың шын аты Тұрсынхан, бірақ берекелі отбасындағы өзара сыйластықтың арқасында ол Махаббат аталып кеткен. Қосағы да енесі де Махаббатқа ерекше ықыласты.

Енемнен көп нәрсе үйрендім. Бұл кісі келін деп айтпайды. Балам деп атайды. Қайнағаларым да атымды атамайды. Тәрбие солай. Зілмен сөйлеу деген жоқ. Келін болып түскеннен бері атым Махаббат болып кетті. Араласатын адамдарымыз да солай атайды.

Биғайша әжей кенже баласы Жұмабек пен осы Махаббат келінінің қолында тұрып жатыр. Жұмабек Алмабеков, әкенің орынын жоқтатпай, қатарға қосқан анасының еңбекқорлығын жиі еске алады. Анасын, шаңырақтың құт-берекесіне балайды. 7 баланың барлығы да белді орындарда, белделді қызметтер атқарады. Ананың арманы орындалғандай, бірақ армансыз адам болмайды ғой,- дейді қария. Ешқандай мектепте оқымаған, ешқандай жоғары білімі жоқ ананың көрегенділігі-бүкіл бір әулеттің шынында да баға жетпес байлығы болып отыр.
XS
SM
MD
LG