Accessibility links

Мәслихат депутаттығына тіркеу аяқталмай жатып, “Отан” үгіт-насихат жұмысын бастап кетті


Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметтері бойынша, шілденің 25-і сағат 10-ға дейін республика бойынша мәслихат депутаттығынан үміткер 348 адам тіркеуден өткен.

Павлодар өңірінде мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу барысында осы облыста сайлаушыларымен кездесіп жүрген Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев заң бұзушылықтың барын айтады.

- Кездесулер барысында естігенім: әкімшілікке кейбір үміткерлерді шақырып, сен бұл округтан шықпа, бәрібір өтпейсің деп, кейбіреулеріне қызмет ұсынып жатыр екен. Ал Павлодардың өзінде мәслихат депутаттығына үміткер бір кісіге қысымшылық жасап,құқық қорғау органдары балаларының қай жерде жұмыс істейтіндігін біліп алып, немересінің қай жерде оқитындығын анықтап, егер сен сайлауға түсетін болсаң қызыңды жұмыстан шығарамыз, немереңді оқудан шығарамыз деген әрекетке дейін барып отыр, - дейді Парламент депутаты Серікбай Бариұлы.

- Мәслихат депутаттығына үміткерлер Конституция талаптарына сәйкес, тіркеу уақытысы біткеннен кейін барып үгіт-насихат жүргізуі тиіс. Мәслихат депутаттығына тіркеу тамыз айының 10- на дейін жүргізіледі. Үміткерлері тіркеуден өтпей жатып, «Отан», «Азаматтық», «Аграрлы Қазақстан» партияларының мүшелері үгіт-насихатты қазірден бастап кеткен. Бұл партиялар «Павлодар біздің үйіміз» деген топ құрыпты. Сол топ арқылы баспасөзге «біздің үміткерлерге дауыс беріңдер» деп жариялап жатыр. Сондықтан да демалысымды осы сайлауға қолымнан келгенше атсалысып, атқару органдарының заңсыздық әрекеттеріне кедергі келтіріп, дұрыс жолға салуға әрекет етіп жүрмін, - дейді депутат Серікбай Әлібаев.

Шілденің 20-да аяқталған депутаттықтан үміткерлер ұсынудың нақтыланған қортындысы бойынша, Республика көлемінде мәслихат депутаттығынан үміткер ретінде 8184 адам ұсынылыпты.
XS
SM
MD
LG