Accessibility links

Бірлескен әскери жаттығулар басталды


Тамыздың 6-да Қазақстанның Шығыс әскери округінде Шаңқай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қарулы күштерінің «Өзара іс-қимыл-2003» атты әскери оқу-жаттығулары басталды.

Оның мақсаты халықаралық терроризмге қарсы бірлескен операциялар өткізу деп хабарлайды Қазақстан Қорғаныс министрлігінен. Бұл шара Шаңқай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер 2001 жылғы 15 маусымда қол қойған терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы конвенция аясында өткізіліп отыр.

Оқу-жаттығуға Қазақстан жағынан аэромобиль және құрылық әскерлері, Қырғызстан қарулы күштерінің десанттық-барлау взводы және Ресей қарулы күштерінің мотоатқыштар ротасы қатысады. Аталған министрліктің баспасөз қызметінінң жетекшісі Әубәкір Смайыловтың айтуынша, бұл әскери оқу- жаттығудың 1-кезеңі.

Онда бірлескен штаб құруға, операцияларды жоспарлауға, «жауынгерлік» іс-қимылдарды ұйымдастыруға, әуе кеңістігін бұзған ұшақты тосып алуға және оны қонуға мәжбүрлеуге, сондай-ақ, терроршылардың жолын бөгеуге байланысты мәселелер пысықталмақ. Ал тамыздың 11-і, 12-сі күндері Қырғызстан мен Қытайдың әскери күштері тартылатын екінші кезеңде терроршылар кепілдікке алғандарды босату және терроршылардың базасын жою жөніндегі операцияларды шыңдау жоспарланған.

Шаңқай ұйымына мүше мемлекеттердің бірі-Тәжікстан сөз болып отырған оқу-жаттығуларға бақылаушы ретінде қатысса, Өзбекстанның қарулы күштері бұл әскери шарадан шет қалып отыр. Оның себебі әзірге бимәлім.
XS
SM
MD
LG