Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстанның бітімгершілік әскері Иракқа аттанғаны туралы және басқа да саяси әлеуметтік мәселелер қамтылған.

«Заң газетінің» 20 тамыз күнгі санында республикада қалыптасып отырған сот, қылмыс мәселелеріне қатысты өткір дүниелер жарияланған. «Сот жүйесінде де күрмеулі мәселелер көп» деген тақырыптағы Ақмола облыстық сотының төрағасы Өмірсерік Сағындықұлымен жүргізілген сұхбатта аталған жүйеде орын алған олқылықтар сөз болған. Әбдібай Уәлиұлының «Өміріне қол салушылар көбейіп барады» деген журналистік сараптамасында Қызылорда облысында осы дерттің етек алып бара жатқаны баяндалған.

Енді «Алтын Орда» апталығының 20 тамыз күнгі нөміріне тоқталсақ, онда Сәлім Ысқаққызының «Үкіметтік емес ұйымдар кімнің сойылын соғады?», Өмірзақ Мұқайдың «Алматы бейқам, оны соңғы су тасқыны байқатты», Рәзиға Әшееванаң «Тобаны оба шықса еске аламыз» және Зәкіржан Кәлкенбайдың «Қарашығанақ мұнайы экспортқа шықты, алайда қуануға ертерек» атты мақалалары жарияланған. Газет тілшісі Айша Құрманғалиқызының «Кәсіподақтар неге күмілжиді» деген мақаласы бүгінде басынын бағы тайған елдегі кәсіподақ ұйымдарына арналған. Автор өз мақаласында аталған ұйым беделінің түсуіне бірден бір себепкер үкіметтің солқылдақ саясаты дейді.

Ал «Экспресс К» газетінің тілшісі Дмитрий Бациев басылымның №157 нөмірінде кеше Қазақстанның бітімгершілік күштері өз міндеттерін атқарып қайту үшін Иракқа аттанып кетті деп хабарлайды. Мақала «Қайта оралу үшін кетті» деп аталады. Құрамында 20 адамы бар әскери топты подполковник Қайрат Смағұловқа сеніп тапсырған қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев оларға сәт-сапар тілеген. Қазақстандықтардың басты міндеті жарылғыш заттар орналасқан жерлерді, алаңдарды залалсыздандыру. Олардың Ирак жерінде болатын жарты жыл уақыттағы жатын орны мен тамағын американдықтар көтеретін көрінеді. Қазақстандықтардың ол жақта өмір сүруіне 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы кетуі мүмкін екен.

«Журналист» газетінің соңғы тоғызыншы санына келсек, онда Гүлнәр Ахметованың «Заң туралы не білесіз?», Намазалы Омашұлының «Көне Тараз әлемдік ақпарат қақпасы», Гүлбиғаш Омарованың «Қырғыз баспасөзі: ресми және бейресми шындық» мақалалары және «Ана тілі» газетінің бас редакторы М.Құлкеновпен «Шешендік өнермен шыңдалуға тиіспіз» атты сұхбат жарияланған. Көрші ел қырғыздардың ақпарат құралдарымен жіті танысқан Гүлбиғаш Омарова өз мақаласында екі ел ақпарат кеңістігін жан-жақты салыстырған.
XS
SM
MD
LG