Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Ғалымжан Жақияновтың төңірегіндегі жағдайлар мен сайлау науқанына байланысты мақалалар жарық көрген.

“Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті №47 (63) санында жарық көрген материалдардың басым көпшілігі алдағы келе жатқан сайлау мен Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақияновтың төңірегіндегі оқиғаларға арналған.

Газеттің бірінші бетінде жарық көрген редакциялық мақала “Президент өз сөзін ұстайды деп сенеміз” деп аталады. Мақала авторы Ғалымжан Жақияновтың таяу арада бостандыққа шығып қалуы мүмкін деген болжамның расқа айнала бастағандығын қуана хабарлайды. Дегенмен мақала авторы Ғалымжан Жақияновты түрмеге отырғызу тікелей президенттің тапсырыс беруімен істелген әрекет екендігіне де тоқталып өтеді. “Жалпы, президенттің Ғалымжан Жақияновқа қарсы қолданып жатқан әдіс-айласы мемлекет басшысына лайықты іс-әрекеттен гөрі, базардағы қарақшылардың өш алуын еске түсіреді” дейді мақала авторы.

“Азат” тәуелсіз апталығының кезекті №32 (40) санында да Ғалымжан Жақияновтың өміріне алаңдаушылық білдірген материалдар көбірек орын алған. Газеттің бірінші бетінде Төлеген Оспанұлы деген зейнеткер мен Парламент мәжілісінің депутаты Ғаббас Дауытовтың мақалалары берілген.

Ғаббас Дауытов өз мақаласында Ғалымжан Жақияновты тоқсаныншы жылдардың басынан бері жақсы білетіндігін тілге тиек етіп, оның ұлтжанды азамат екендігіне кеңірек тоқталып өтеді. Ғалымжан Жақиянов әкім болған алғашқы күннен бастап үлкен мәселелердің басын шешуге бел шеше кірісті” деген мақала авторы, оның осы жұмысты абыроймен атқарып, халқына орасан зор еңбек сіңіргендігіне де кеңірек тоқталып өтеді.

Ал, Шығыс Қазақстан облысынан хат жолдаған зейнеткер Төлеген Оспанұлы деген жетпістен асқан қария Дихан Әбіл секілді зиялы қауым өкілдері бастаған азамттардың сөзіне қосылатындығын білдіріп, Ғалымжан Жақияновқа бостандық беру керектігін әңгіме қылады. Газеттің үшінші бетінде жарияланған Садық Смағұловтың мақаласында Мырзатай Жолдасбекұлы, Ақселеу Сейдімбекұлы, Қойшығара Салғарин құрастырған “Елтұтқа” атты кітап, аруақтарды алалаған зиянды кітап ретінде бағаланған. Мақала авторының айтуы бойынша, кітапты құрастырушылардың өңкей аруақтардың ішіне тірі Нұрсұлтан Назарбаевты кіргізіп қойғаны қиянат және жарасым тауып тұрған жоқ.

Ал, орыс тілінде шығатын “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында “Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті қолы, мұрагер таңдай алмай отыр” деген тақырыппен мақалалар топтамасы берілген. Осы айдармен берілген Виталий Портников пен Евгений Пахомовтың мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік тақтан үміткерлердің бәрін де қудалауға ұшыратқандығы тілге тиек етілген.

“Известия-Қазақстан” қосымшасының 21 тамыз күнгі санында жарық көрген Светлана Алинаның мақаласында алдағы мәслихаттар сайлауының әділ өтетіндігіне күмән келтірілген. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның айтуына қарағанда, халықаралық ұйымдардың бір-де –біреуі белгіленген тәртіп негізінде, сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға ниет танытпапты.

Ал, “Жас алаш” газетінің 21 тамыз күнгі санында жарық көрген Жұлдыз Әбділданың мақаласында жергілікті өкілетті органдарға үміткер ретінде өз кандидатураларын ұсынғандардың ішінде, он екі адамның тіркелмей қалғандығы сөз болған. Тексеруге Бас прокуратура атынан қатысқан мамандар тіркемеудің негізгі себебі – үміткерлердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығымен байланысты деп отыр.

Жаңа оқу жылының басталуына да екі апта уақыт қалды. Бірақ биылғы қымбатшылық мыңдаған ата-аналардың балаларды мектепте дайындауына қолбайлау болып отыр. Бұл туралы “Ана тілі” апталығының 21 тамыз күнгі санындағы Ертай Айғалиұлының мақаласында айтылған. Мақала авторының айтуынша бүгінгі таңда бірінші сыныпқа баратын оқушыны мектепке дайындаудың өзіне он мың теңге керек екен.

Кеше Алматыдағы май құю станцияларындағы ең көп қолданылатын АИ-80 бензинінің 1 литрі 48-49 теңге болды. Бұдан әрі баға бір-екі теңгеге жоғарыламаса түсе қоймайды. Дегенмен Қазақстандағы бензиннің бағасының соншама шарықтап кетуінің себебі неліктен? “Түркістан” басылымының соңғы санында Рымтай Сағымбекова осы мәселеге кеңінен тоқталған.

“Время” апталығында осы кезге шейін де Қорғаныс министрлігіндегі келеңсіздіктер туралы талай рет жазылып, мәселе көтерілген болатын. Газеттің соңғы санында жарық көрген белгілі журналист Генадий Бендицкидің мақаласында осы тақырып жалғасын тапқан. Кезекті мақаласында Генадий Бендицкий әскери самолеттерді сату барысындағы заң бұзушылықтарды тілге тиек еткен.

“Экспресс К” газетінде жарық көрген Альбина Ахметованың мақаласында кезіндегі Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардабының әлі күнге шейін сейілмей отырғандығы сөз болған.

Тамыздың жиырма екінші жұлдызында қазақтың ұлы кемеңгер тұлғасы Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың дүниеден өткеніне тура он жыл толады. Дінмұхамет Қонаевтың халқына сіңірген зор еңбегін оның замандастары әлі күнге шейін жыр қылып айтып келеді. Бүгінгі таңда қазақтың аяулы ұлдарының бірі Дінмұхамет Қонаевтың есімі елдің арасында аңызға айналды десек те артық айтқандық емес. “Мегаполис” апталығының кезекті санында осыған орай Дінмұхамет Қонаевтың қарындасының естелігі берілген.
XS
SM
MD
LG