Accessibility links

Светлана Жалмағамбетова депутат болып сайланды


Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетова Парламент Сенатының депутаты болып сайланды

Тамыз айының 23-інде Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына Ақмола облысынан депутат сайлауы өтті.

Қазақстан заңдарына сәйкес, Сенат депутатын облыстағы барлық деңгейдегі маслихаттардың депутаттары сайлайды. Бұл жолы Сенат депутатын сайлауға қатысқан 255 депутаттың 238-і сенаторлыққа жалғыз ғана үміткер – Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жақияқызы Жалмағамбетованы жақтап дауыс берді. Бақылаушылардың айтуынша маслихат депутаттарының бірауыздан қабылдаған ұйғарымы бойынша Сенат депутатын сайлау жасырын дауыс беру жолымен және орыс тілінде өткен. 15 адам С.Жалмағамбетоваға қарсы дауыс берсе, екі адам қалыс қалған.

- Әлгі он бес адамның Ақмола облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Светлана Жалмағамбетоваға қарсы дауыс беруі оның кандидатурасына емес, осы сайлаудың баламасыз өткендігіне және кімнің депутат болатындығы күні бұрын шешіліп қойғандығына білдірілген қарсылық болды, - деп санайды Көкшетаудағы «Демократияны дамыту орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Владимир Намовир радиомызға білдірген пікірінде, - Әдеттегідей биліктегілер бұл жолы да еш қымсынбастан өз адамын өткізді, ал Сенат сайлауына түсуге ниет білдірген Айсұлу Божбанованы олар тіркеуге де жібермей қойды.

Сөйтіп, осыған дейін Парламент Сенатына Ақмола облысынан сайланған бұрынғы сенатор Марат Қойшыбаевтың босаған орны енді Светлана Жалмағамбетоваға бұйырғалы отыр. Естеріңізге сала кетейік, Марат Қойшыбаев биылғы жылдың ақпан айында сот үкімімен бес жыл мерзімге шартты жазаға кесілген болатын. М.Қойшыбаевқа ол Ақмола облысындағы Степногорск қаласының әкімі болып тұрған шақта қызмет бабын пайдаланып мемлекет мүлкін талан-таражға салған және құжаттарды қолдан жасаған деген айып тағылған-ды. Марат Қойшыбаевтың өзі болса өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси тапсырыс бойынша құрастырылғанын айтып, «бұның артында менің Сенат депутаты болғаныма қарсы адамдар тұр, алайда мен олардың кім екенін әзірге білмеймін, бірақ, осы саяси ойынның авторын түбінде бәрібір білетін боламыз» - деп мәлімдеген еді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG