Accessibility links

Сауд Арабия өкілдері сенбідегі бомбалық шабуылдың себептерін іздестіріп жатыр


Өткен айларда Сауд Арабиясы басшылығы елдегі террорлық топтарға қарсы бітіспес майдан ашқаны белгілі. Осыған қарамастан демалыс күндері орын алған бомбалық шабуылдар мұндай әрекеттердің түп-тамырын іздеуге ресми өкілдерді мәжбүр етіп отыр.

Сауд Арабиясы астанасында бұл жолы орын алған бомбалық шабуылдарға кім жауапты? Жазықсыз жандарды, әсіресе әйелдер мен балаларды өлімге байлағандағы олардың көздеген мақсаты қандай? Міне осындай сауалдар төңірегінде зерттеулер жүргізіп жатқан ресми өкілдер сенбі күні кешкілік, Риадтың негізінен шетелдіктер тұратын ауданында болған бомбалық жарылыс кесірінен кем дегенде 17 адамның қаза болып, 120-дан аса кісілердің түрлі жарақаттар алғандығын хабарлап отыр.

Бұл жолғы шабуылдың орындалу тәсілі дәл осы Риядта, үстіміздегі жылдың мамыр айында болған террорлық шабуылдармен бірдей болып тұр дейді Азаттық радиосының тілшісі Марк Бейкер.

Мамырдағы шабуыл кесірінен 35 адам, оның ішінде сегізі америкалықтар, қаза болған-ды. Сол шабуылдарды ұйымдастырушы Осама бин Ладеннің Әл-Қайда ұйымы-, делінген болатын. Саудияда дүниеге келген Осама бин Ладен - Саудияның патша отбасына басы-бүтін қарсы адам. АҚШ және Саудия ресми өкілдері осы жолғы сенбілік шабуылдарға да Әл-Қайда ұйымы жауапты деген еді. Алайда, ондай шешімге толық бекіну үшін жеткілікті дәрежеде дәлелдер болмай тұр дейді мақала авторы. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ричард Ермитейж Әл-Арабия теле арнасына берген сұхбатында бұл оқиғаның соңында Әл-Қайда тұр және негізгі нысана Саудияның патша отбасы болған деген пікір білдірді. Ал, Лондонда орналасқан зерттеулер институтының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша маманы Дениел Ниип болса, мұндай шабуылдарды жоғарыдан төменге қарай бұйрық беріп орындататындай Әл-Қайда иерархиялық ұйым емес-, деген пікір айтып отыр.

Хабарларға қарағанда, шабуыл жақын төбешік жақтан бір топ адамдардың оқ атуымен басталған екен. Саудия полиция қызметкерлерінің арнайы киімдерін киген терроршылар бірден сол аймақтағы полиция күштерін басып тастап, содан кейін жарылғыш тиелген көлікті шетелдіктер тұрып жатқан үйлер ортасына қарай айдап кірген екен. Шабуылшылардың өзі қаза болды ма, жоқ па деген сауал әлі түсініксіз күйінде қалып отыр. Мамыр айындағы шабуыл да дәл осылайша басталған болатын-, дейді сарапшылар.

Сенбі күні қаза болғандар ішінде ливандық, судандық, мысырлық және саудиялық азаматтар болған екен. Батыс елдерінің бірде-бір өкілі құрбан болғандар ішінде жоқ болып шықты. Жараланғандардың басым бөлігі де - арабтар. Егер, негізгі нысана батыстық азаматтар мен ел патшасының отбасы болса, онда жазықсыз жандар неге оққа байланған-, деген сауалға қайбір сарапшылар “Осындай қадам арқылы шабуылшылар АҚШ пен Саудия арасына жарықшақ түсіргісі келді” дейді. Ал, осы елдің Британиядағы елшісі Түрки Әл-Файсалдың пікірінше, елде әбден талқандалып, қуғынға түскен террорлық күштер әлі де болса, тіпті осындай қанды жолдар арқылы өздерінің әрекет ете алатындығын бір көрсеткісі келгендей дейді.
XS
SM
MD
LG