Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда, ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін Парламентке келіп түскен “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң жобасы” туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген.

Ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін Парламентке келіп түскен “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң жобасы” әл күнге шейін үлкен дау-дамай туғызып отыр. “Сөз” тәуелсіз апталығының кезекті санында осыған орай “Журналистер қарсылық білдіреді” деген тақырыппен 2003 жылғы Натальи силығының иегерлері мен Ресейдегі Жариялылықты қорғау қорының мәлімдемесі жарық көріпті. Екі мәлімдемеде де Парламент қарауына түскен “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң жобасына” байланысты алаңдаушылық білдірілген. Тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы, Қазақстан мемлекетіндегі демократияны дамыту үшін маңызды зор болып табылатын осы құжаттың сөз бостандығы мен еркін ойды шектейтіндіктен, халықаралық ұстанымдарға сәйкес келмейтіндігін әйгілеп отыр. Натальи силығының иегерлері қол қойған мәлімдемеде Қазақстан мемлекетінде тәуелсіз журналистерді құдалау мен түрмеге қамаудың белең ала бастағандығы да тілге тиек етілген. Өткен жылы ғана журналистер мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты жүзден аса сот ісі болып өткен. Мәлімдемені жазушылар қабалданайын деп жатқан “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң жобасы” да сөз бостандығы мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының үнін өшіру үшін жасалып жатқан биліктің әрекеті деп есептейді.

Журналист Қыстаубай Байтуов та “Түркістан” басылымының 18 желтоқсан күнгі санында осы Заң жобасына орай өз ойын білдіріп өтіпті. Қыстаубай Байтуов өз мақаласында Заң жобасында мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту керектігіне ерекше тоқталып өткен. Мақала авторының айтуынша “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң жобасында” мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мәселесіне аса көп назар аударылмаған.

Ал, “Время” апталығының 18 желтоқсан күнгі санында 19 желтоқсанда журналист Генадий Бендицкидің жазған мақалаларына орай сот процесінің өтетіндігі баяндалған. Естеріңізге сала кетейік, журналист Генадий Бендицкий бұрынғы энергетика сауда және өндіріс министрі, бүгінгі таңда “Республикалық инновациялық қор” атты Жабық Акционерлік Қоғамның төрағасы Асығат Жабағин туралы бірнеше мақала жазған болатын. Генадий Бендицкий өз мақаласында Республикалық бюджеттен Қорғаныс министрлігіне бөлінген мол қаржының Асығат Жабағи басқарып отырған қордың есеп-шоты арқылы ұшты-күйлі жоғалып кеткендігіне орай журналистік зертеу жүргізген еді. Міне осыған орай Асығат Жабағин журналист Генадий Бендицкиді жала жапты деген айыппен сотқа беріп отыр. Егер де Асығат Жабағин осы сот процесінде жеңіп шықса, журналист Генадий Бендицкий үш жылға бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Ақын Жұмабай Құлиев болса “Ана тілі” апталығының кезекті санында жарық көрген мақаласында сыбайлас жемқорлық тақырыбын сөз қылыпты. Мақала авторының айтуынша, кезінде заңдастырылған ырғын ақша қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге немесе отандық өнеркәсіпті өркендетуге емес, казинолар мен сауық-сайран орындарын салуға жұмсалыпты. Мысалы халқы Алматыдан сан есе көп Мәскеуде 38 казино болса, Алматыда 54 казино бар екен.

Белгілі режиссер Болат Атабаев “МК в Казахстане” газетінің тілшісіне берген сұхбатында өмір бойы оппозицияда болатындығын мәлімдепті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Болат Атабаев өнер адамдарының қазақ тарихындағы орнының зор болғандығын айта келіп, бүгінгі таңда солардың жалған бедел мен атақ қуалаймын деп жүріп өтірік айтуға көшкендігін сөз қылыпты. Болат Атабаев кез-келген өнер адамы саясатқа араласуы тиіс деп пайымдайды. “Саясат менің белсенді азаматтық позициям ғана, Мен саясатта нан табу үшін жүрген жоқпын” дейді режиссер Болат Атабаев.

“Мегаполис” апталығының соңғы санында жарық көрген Александра Миттаның “Ұлттық бизнестің ерекшеліктері” деп аталатын мақаласында “Құрылыс материалдары зауыты” атты Жабық акционерлік қоғамының фирмасына белгісіз біреулердің қарақшылық шабуыл жасағандығы туралы хабарланған. Осы қарақшылық шабуыл кезінде зауытта істейтін төрт азамат ауыр жарақат алып, 42 жасар Ерболат Әбдіғазиевті қылмыскерлер ұрып өлтірген. Полицейлер бұл қылмысқа байланысты қатардағы қарақшылық деген қорытынды жасағанымен, зауыттан бір сабақ жіп те ұрланбаған. Ал зауыт басшылығы мен қызметкерлер бұл қарақшылық шабуылды зауыттың жеке меншік қолға өтетіндігімен байланыстырып отыр. Мақала авторының айтуынша зауытты тартып алу үшін, неше түрлі саяси арандатулар жүріп жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG