Accessibility links

АҚШ ресмилері Ауғанстандағы әсірешіл топтардың жеңілісіне сенімді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

АҚШтық ресми басшылар Ауғанстандағы талибтер мен Ал-Қайдалықтардың қалдықтарын түгелдей жоятын уақыт алыс емес деп есептейді. Бірақ Вашингтондық талдаушымыз Джефри Донованның пікірінше, ондай күрделі де жауапты жұмысты жақын арада іске асыру, өзгелер ойлайтындай, оншалықты оңай шаруа емес.

Ауғанстанда осы кезге дейін қалып қойған әсірешіл топтар – тәліптер мен Осама бин Ладеннің ал-қайдашылары үшін тізе бүгіп берілетін уақыт тақап қалды.

Бұл - АҚШтық азаматтық және әскери саладағы ресмилердің сейсенбі күні айтқан соңғы сөзі. Себебі, алдағы алты айға жетпейтін аз уақытта Ауғанстанда ұлттық сайлаулар өтуі тиіс.

Міне сол сайлау алдынан АҚШтың Ауғанстандағы бас қолбасшысы мен Қорғаныс министрлігі өкілі, екі бөлек жерде, бірақ бір ауыздан талибтер мен Ал-Қайдалықтар жеңіліс арапасында тұр деп мәлімдеген.

Соңғы жарты жылда Ауғанстандағы бүлікшіл топтардың шабуылынан кемінде 550 адам қаза тапты, дейді АҚШ Қорғаныс министрі орынбасары Дов Захейм. Оның айтуынша, Уашингтон - жеңіс қарсаңында.

- Байқасаңыздар шабуылдардың табиғаты қазір өзгерді. Бір жыл бұрын талибтер бір неше адам болып шабуылға шыға берген болса, қазіргі кезде олар арты қуыс ұрылардай абайлап әрекет жасайды. Себебі олар бізден тиісті соққы алуда, - дейді Дов Захейм.

Ал Ауғанстанның оңтүстігіндегі Бағрам әуе базасында тұрып АҚШтық генерал Дейвид Барно да министр орынбасарының ойларын қолдап сөйлеген. Генералдың айтуынша, АҚШтағы 2001-жылғы қыркүйектегі террорлық шабуылдарды ұйымдастырған деп күдік астына алынған Осама бин Ладеннің іздеп табылатын күні де алыс емес.

- Болашақты көз алдыма келтіре отырып байқағаным – барлық террорлық ұйымдардың санаулы ғана күні қалды, - дейді генерал Барно.

Дейвид Барноның айтуынша, Пәкістан әскерилері шегара маңайындағы тайпа жетекшілерімен кездесіп, олардың әсірешілдер жөнінде дерек-мәлімет беруін талап етуде. Олар бин Ладенді сол аймақта жасырынып жүр деп күдіктенеді.

- Қазан айында келгелі бері пәкістандықтардың бұл арадағы тайпалармен атқарып жатқан үлкен жұмыстарына күә болдым . Олар бұл аймаққа өткен жылға дейін аяқ баспаған екен. Міне енді олар өз әскерлерімен Пәкістанның солтүстік батыс уалаяттарындағы жергілікті басшылықпен ынтымақтаса отырып, жасырынып жүрген шет елдік жауынгерлердің де артына түспек, - дейді генерал Барно.

Мұндай шаралардың іске асырыла бастауына бір себеб - президент Мұшаррафқа Вашингтон тарафынан жасалған қысым барған сайын күшейе түсуде. Әсіресе пәкістандық белгілі ғалымның АҚШтың қара тізімінде тұрған елдерге атом технологиясын саттым, деп мойындағанынан кейін жағдай күрделенген.

Генерал Барноның айтуынша, АҚШтық күштер ауған-пәкістан шегарасындағы бүлікшіл топтар болуы мүмкін аймақтан шеттеу жерлердегі күзетшілік қызметін атқаруда. Одан мақсат, пәкістандықтардан қашқан күдіктілер АҚШ қосындарының қолына келіп түсуі мүмкін, дейді генерал. Бірақ АҚШтық бұрыңғы аға дипломат , қазіргі әскери ресми Кордесманның тілшімізге айтуынша, Пәкістанның бұл тактикасы жаман емес, бірақ одан келер шығын аз болмауы мүмкін.

Кордесманның тілшімізге айтуынша, әсірешіл топтар Пәкістан жағынан тұрып өз шабуылдарын одан әрмен де жалғастыра бермек. Ал Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі - нашар жағдайда. Сондықтан, БҰҰ және Еуропа Одағындағы бір қатар ресми басшылар алдағы маусымға жоспарланған сайлауларды кейінге қалдыру қажет деген ұсыныс жасауда.

- Сондай-ақ, қауіпсіздік жағдайына қоса, Ауғанстанда әсіресе, сайлауға дайындалу кезіндегі экономикалық көмек, экономикалық сауығу мәселесі де бар. Бірақ ол бағдарламалар жұмыс істемей отыр. Сондықтан дәл қазір Ауғанстанда жеңіске жеттік деуге әле ертерек шығар, - дейді бұрыңғы дипломат, қазіргі әскери сарапшы Антони Кордесман.
XS
SM
MD
LG