Accessibility links

Қазақстан шетелдік инвесторлармен және бір ірі жобаға қол қойды


Қазақстан Үкіметі мен шетелдік инвесторлар Каспийдің солтүстік бөлігіндегі кеніштерді игеруге қатысты даулы мәселелерді реттеуге және Қашаған жобасының бюджеттік жоспарын бекітуге байланысты құжаттарға қой қойды. Қашаған кенішінің игеру жобасы 29 млрд. АҚШ долларына бағаланған.

Солтүстік Каспий теңізі бойынша өнімді бөлу туралы 1997 жылғы қарашаның 18-дегі келісімнің қосымша шартына қол қоюға шетелдік инвесторлардан «АджипКаспиан Си Б.В.», «Бритиш Газ», «ЭксонМобил», «ШеллКазахстан Девелопмент Б.В.», «Тоталь» «КонокоФиллипс» және «Инпекс» секілді компаниялар қатысып отыр. Келісімшарттың күші 2041 жылға дейін жалғасатын болады. Ал 4,8 млрд. тонна мұнай қоры бар Қашаған кенішін игерудің алғашқы кезеңіне 10 млрд. АҚШ доллары жұмсалады. Қазақстанның Үкімет басшысы Даниял Ахметов шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздің сәтті өткенін айтып, «біз Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру үшін қолымыздан келген мүмкіндікті жасап отырмыз», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған келісім бойынша 2010 жылы осы бассейнен 21 млн. тонна мұнай алуды көздеп отыр. Ал үш жылдан кейін оның көлемі 42 млн. тоннаға көбейеді. 2015 жылы Қашағаннан 56 млн. тонна мұнай аламыз деп отырмыз,– дейді Үкімет басшысы.



Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша, Қашаған кен орнынан алғашқы мұнайды алу 2005 жылға белгіленген болатын. Шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөз нәтижесінде мұнай кенішін игеруді 2007- 2008 жылдарға дейін кешіктірудің себебін Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник технологиялық себептерге және экологиялық талаптарға байланысты туындап отырған мәселе деп түсіндірді. Ал «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, қол қойылған құжатта шетелдік инвесторларға ешқандай жеңілдік жоқ. «Тек ғана қазіргі қолданыстағы жаңа технологиялардың қабылдануына қарай кейбір өзгерістер мұнай өндірудің коммерциялық өнімін бастаудың жылы, мерзімі ғана өзгеруі мүмкін», – дейді «ҚазМұнайГаздың» президенті.



Шетелдік инвесторлардың мәлімдеуінше, Қазақстан Үкіметімен осы уақытқа дейін ешбір келіспеушілік болған емес. Алайда, «Азаттық» радиосы тілшісінің «Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің «Қазақстандағы шетелдік инвесторларды билік өкілдерімен ашық жұмыс істеуге шақырамын деген ұсынысын ескеріп отырсыздар ма?», – деген сауалына «Шелл Казахстан Девелопмент» компаниясының президенті Ван де Вайвер «барлық шетелдік компаниялар Қазақстан Үкіметінің жұмысы жариялы болуға тиісті деген талапқа сай жұмыс істейді, ал келісім-шарттарды Қазақстан Үкіметі жарыққа шығара алады. Оларды біздің жариялауға құқығымыз жоқ,–деп жауап берді.



Кезінде мұнай саласында бас маман болып қызмет істеген ҚР Парлменті Сенатының депутаты Әбілхан Машани Үкіметтің шетелдік инвесторлармен келіссөздерді ашық жүргізетін кезі келді дейді. «Қазір жаһандану заманында мұнай өндірушілердің бәсекелестігі жақсы дамып отыр. Мұндай жағдайда бізде салық жүйесін қатайта отырып, инвесторлардан айрылып қаламыз ба деген де қауіп бар. Мен ойлар едім, Жер қойнауы туралы, Мұнай туралы заңдарға өз тарапымыздан тиісті өзгерістер енгізу керек ғой деп, ал ендігі жерде Үкіметтің қорқатын ештеңесі жоқ. Ашықтықты қамтамасыз ете отырып, халыққа бәрін айтқан дұрыс деп есептеймін», – дейді сенатор Әбілхан Машани.



Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбіловтің ойынша, Үкімет тек жеке пайданы ғана ойлайды. «Жекешелендіру Қазақстанда басталғанда Үкімет көңіл бөлген жоқ. Қазақстанға кім келді, солардың қолдарына елдегі ірі кәсіпорындарды, фабрика, зауыттарды бөліп берді. Сонда келісім шарттар жасалғанда ешкім қараған жоқ. Олар қазірге дейін келісім шарттарды ашық көрсетпейді. «Ақ жол» партиясы өткен жылы инвесторлармен жасалған келісім шарттар ашық болсын деген акция өткізген. Бірақ Үкімет осы уақытқа дейін үндемей отыр», – дейді «Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Болат Әбілов.



Таяуда Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джек Стро Астанаға келген сапарында Тони Блеердің инвестициялық келісім-шарттар ашық болуы тиіс деген ұсынысын «Қазақстандағы Елшіміз жүзеге асыруға міндетіне алды» деген болатын.
XS
SM
MD
LG