Accessibility links

Құс тұмауына байланысты Канададан Қазақстанға құс етін әкелуге мораторий жарияланды.


Наурыздың 2-сі күні Канададан Қазақстанға құс тұмауына байланысты құс етін әкелуге уақытша тиым салынды. Оның алдында АҚШ-ң жекелеген штаттарынан құс етін әкелуге мораторий жарияланған болатын. Қазақстанның ауылшаруашылық министрлігіндегі ветеринарлық бақылау департаментінің бас маманы Гүлнәр Әубәкірова “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Халықаралық эпидиомиологиялық бақылау бюросынан құс ауруына байланысты ақпарат түскен сәтте тиісті шаралардың бірден қабылданғандығын айтты. -Халықаралық эпидиомиологиялық бақылау бюросынан ақпанның 12-сі және 25-сі күндері АҚШ-тың жекелеген шататтарынан құс тұмауы шыққандығы жөнінде ақпарат алдық. Сонан кейін наурыздың 2-і күні Канададан да құс тұмауы шыққаны туралы ақпарат түсті. Ақпарат түсісімен бірден осы елдерден құс етін әкелуге уақытша тиым салынды. Халықаралық эпидиомиологиялық бюродан құс тұмауына байланысты карантинді алып тастау туралы ақпарат келмей, біз осы аталған елдерден құс етін әкелуге рұқсат бермейміз. Бұған дейін үстіміздегі жылдың ақпан айының 9-ы күні Халықаралық эпидиомиологиялық бюродан оңтүстік-шығыс Азия елдерінде құс тұмауы шыққандығы жөнінде ақпарат келіп, сол күннен бастап осы елдерден де құс етін Қазақстанға әкелуге мораторий жарияланды. Гүлнәр Әубәкірованың айтуынша, жалпы бұл елдерден қазақстанға құс еті әкелінбейді. Бірақ бұл қазақстан халқын аталған қауіптен сақтау үшін жасалған шара. Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығымен айналысатын 35 құс фабрикасы бар. Қазақстандық бұл фабрикалар жылына 25 мың тоннадан астам құс етін шығарады. Республикадағы құс шаруашылығы Одағының Президенті Василий Гусевтің айтуынша. 2003 жылғы көрсеткіште қазақстандық құс етін өндіру көлемі едәуір жоғарлаған. Ол 40-42 мың тонна құс етіне жеткен. Ал шетелден 59 мың тонна құс еті әкелінген. Оның 57 мың тоннасы тек АҚШ-тан келген құс еті, қалған 2 мың тоннасы Ресей мен Бразилия елдерінен әкелінген. Осы көрсекіштен-ақ Қазақстанда шетелден әкелінетін құс етінің үлесі жоғары екендігіне көз жеткізіуге болады. Ал құс етін тұтынушылар отандық өнімді тұтына ма, әлде шетелден әкелінген құс етін тұтына ма деген сауалға жауап іздесек, Астана жұртшылығы оған былай дейді. -Өзімізде өндірілетін етті тұтынған дұрыс. -Шетелден әкелінген құс етін жемейміз. Отандық құс еті сапалы. Ал шетелден әкелінген еттің дәмі ұнамайды. -шетелден әкелінген құс етін жеуге қорқамыз. Себебі қазір құс тұмауы шығып жатыр ғой. -Дүкендерде сатылып жатқан құс еттерінің қай жақтан әкелінгені нақты жазылып көрсетілмеген. Оны айырудың өзі қиын. Қандай ет жеп жатқанымызды қайдан білеміз. Америкада құс ауруы шығып жатқанын біздің елде бәрі біле бермейді сондықтан одан сақтанып жатқан ешкім жоқ. -Отандық құс етін пайдаланамын. Құс шаруашылығы Одағының Президенті Василий Гусев “шетелден әкелінетін құс етіне қарағанда, қазақстандық құс етінің бағасы жоғарылау”-деді. Василий Гусев оның себебін “қазақстанда астық бағасының қымбаттауынан құс жемінің бағасы да жоғарлағандықтан отандық құс өндірушілер құс етінің бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр”- деп түсіндірді.
XS
SM
MD
LG