Accessibility links

Кеңқияқ ауылындағы жағдай түзелді ме?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстандағы ресми ақпарат көздеріне алынған мәліметтерде Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылы тұрғындарының көпшілігінің жазылып шыққандығы туралы ақпарат таратылғанымен, бұл деректерді Кеңқияқ ауылының тұрғындарының кейбіреуі жоққа шығарып отыр.

Олар ауылдың тұрғындары судан емес, газдан уланып қалды деген уәж айтуда. Мысалы, 31 наурыз күні Кеңқияқ ауылындағы ауруханадан баласы үйіне шығарылған, Райхан Ысқақованың айтуына қарағанда, осы ауылда омыраудағы нәрестелердің шешелері сау болса да жас сәбилердің ауруға шалдыққандары тіркелген. Кеңқияқ ауылы тұрғындарының бірі Нәдір Тоқтағұловтың айтуынша, қазіргі кезде ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қиындап кеткен. Екі-үш күнде келетін су ауыл тұрғындарының көпшілігіне жете бермейтін көрінеді. Ал, Кеңқияқ ауылы тұрғындарының бірі Ардақ Құбашева ауыл адамдары судың салдарынан іш ауруына шалдықты деген ресми ақпараттар шындыққа үйлеспейді дегенді айтты. Оның айтуынша, адамдар судан емес газдан уланып жатыр. Біз осы мәселенің анығын білу үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің баспасөз хатшысы Қайыржан Төрежановқа хабарластық. Алайда Қайыржан Төрежанов Агенттік Астанаға көшіп жатқандықтан мәлімет бере алмайтындығынан хабардар етті. Біз Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктен мәлімет алу үшін дағдарыс орталығына да хабарластық. Алайда бұл бөлімдегілер де мәлімет беруден бас тартты. Сонымен қатар біз мәселенің мән-жайысын білу үшін, Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемологиялық станциясына және Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына да хабарластық. Осы мекемелерде істейтін хатшы қыздар басшылардың «Кеңқияқ» ауылында жүргендігінен хабардар етті.
XS
SM
MD
LG