Accessibility links

Конституциялық Кеңес «Сайлау туралы Конституциялық Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Конституциясының талаптарын бұзбайды деп шешім шығарды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Парламентте қабылданған «Сайлау туралы Конституциялық Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң Қазақстан Конституциясының талаптарын бұзбайды деп таныды. Наурыздың 24-күні Қазақстан Президенті аталмыш заң жобасын Конституциялық Кеңестің қарауына жіберген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, «Сайлау туралы Конституциялық Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Заң жобасы Парламентте үш оқылымнан кейін барып қабылданды. Ал бұл заң жобасына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым халықаралық талаптарға сай келмейді деп алаңдаушылықтарын білдіріп отырғаны мәлім.

Конституциялық Кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішовтің мәлімдеуінше, «Сайлау туралы Конституциялық Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Заң жобасы Қазақстан Конституциясының талаптарын ешқандай бұзбайды, сондықтан Констиуциялық Кеңес сәйкес келеді деп шешім шығарып отыр.

Конституциялық Кеңестің мүшелері Қазақстан Парламентінде пікірталас туғызған бірнеше позицияларды барынша қарап, зерделеп шыққандықтарын айтады. Оның ішінде олар Сайлау заңындағы төртінші баптың «түрмеден босатылған бірақ сотталғандығы жойылмаған не алынбаған азаматтар сайлауға үміткер ретінде не болмаса сайлаушы ретінде қатыса алмайды» деген тармағына арнайы тоқталып, Парламент қабылдаған 4-бап Конституцияға сәйкес келетіндігін мәлімдеді.

Естеріңізде болса, аталмыш бап екінші оқылымда депутаттар арасында пікір-талас туғызып жатқанда, біз арнайы Конституциялық Кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішовтен аталмыш баптың Конституцияға сәйкес келетін, келмейтіндігін түсіндіріп беруін сұраған болатынбыз. Сонда ол Қазақстан Конституциясында сотталғандығы жойылмаған азамат сайлауға не сайлануға қатыса алмайды деген ешқандай шектеу жоқ, ондай шектеу тек Сайлау заңында ғана болып тұр деп жауап берген-тін.

Ал енді Конституциялық Кеңестің шешімінен кейін Әбішов төмендегі жайды мәлімдеді: «Конституция ұсақ-түйек нәрсенің бәрін жаза бермейді ғой. Сотталған сот үкімі алынбаған. Оны алып тастамайынша, олар сайлауға қатыса алмайды». Ал Қазақстан Конституциясының 33-бабы, 3-тармағында Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ деп жазылған.

Конституциялық Кеңес сонымен бірге электронды дауыс беру жүйесі де Қазақстан Констиуциясына қайшы емес деп танып отыр. Конституциялық Кеңестің мүшесі Хабылсаят Әбішовтің айтуынша, электронды дауыс беру, бұл бұрын Конституцияда жарияланған жасырын дауыс беру жүйесінің тек қана техникалық түрі. Ал оның Конституцияға қайшылығы жоқ.

Сайлау заңына қатысты Конституциялық Кеңестің шешіміне байланысты Мәжіліс депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі Болат Әбішов былайша пікірін білдіреді: « Меніңше Конституциялық Кеңестен басқа шешім күтудің қажеті жоқ. Өйткені біздің Конституциялық Кеңес әзірге биліктің ғана айтқанын орындап отыр. Кешегі Жер кодексін қабылдаған кезде де Конституциялық Кеңестің шешімі осылай болған.

Ал Мәжіліс депутаты Тито Сыздықовтың ойынша, Президенттің өзінің құқығы заңды Констикуиялық Кеңеске бере ме жоқ әлде қайтара ма?! Президенттің құқығына мен қатыса алмаймын. Егер осы заңды бұзғаны үшін жауапкершілік болмаса онда бұл заң жұмыс істемейді.

Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың пікірі төмендегіше: «Сайлау жөніндегі заңға қарсы болған алты-ақ депутат, оның ішінде қарсы болған Ерасыл Әбілқасымов. Әсіресе маған ұнамағаны электрондық дауыс беру. Халықтың ойын айтатын депутаттар болмай қала ма деп ойлаймын. Қазірдің өзінда алдағы Парламент сайлауға жоғары жақ тізім дауындап жатыр дегенді естіп жатырмыз».

Қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев төмендегі ойын айтады: «Бұл заңның ішінде ұсақ, әлі демократияға келтірілмеген жерлер бар. Егер соны түзейтін болсақ, дүниежүзілік демократиялық елдердің заңдарына сай болады». Оның айтуынша, Қазақстан Президенті қол қоймай Парламентке қайтаруы керек. «Президент оған бару керек, егер ауызды «А» деп ашатын болсақ, торғай еніп кетпес үшін, «Б» деп жабу керек. Президентке бір-ақ күн керек. Бір күннің ішінде мұны Парламентке қайтарып, түзейтін жерлерін түзеп, халықтың қолына беретін болса, онда бұл заң жақсы заң болып шығады», – дейді Балташ Тұрсымбаев.

Конституциялық Кеңес Қазақстан Президенті жіберген тағы бір «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасына қатысты шешімді көкек айының 14-күні жарияламақ.
XS
SM
MD
LG