Accessibility links

Өткен жылғы республикалық бюджеттің 19 миллиард теңгеден аса қаржысы игерілмеді


2003 жылғы республикалық бюджеттің шығыс бөлігі бойынша 19 миллиард теңгеден аса қаржы игерілген жоқ. Оның 4,5 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға көзделген қаржы болған. Бұл республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің 8 пайызын ғана тексергенде анықталған мәліметтер.

Маусымның 9-ы күні парламентте 2003 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жасаған есебінде Республикалық бюджетің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай деді.

Оның айтуына қарағанда жалпы республикалық бюджеттің орындалуы алңдыңғы жылдарға қарағанда жақсарған. Бюджеттің кіріс жағы 101 пайыздан аса, ал шығыс бөлігі 97,6 пайызға орындалған. Алайда, бюджеттің кіріс және шығыс саласын талдағанда заңдарға қосымша шығатын нормативтік ержелердің дер кезінде дайындалып, іске асыру тетіктерінің көрсетілмеуінен біраз ақша игерілмей және бюджетке қосымша түсетін қаржылардың түспей қалғаны анықталды. Бұған бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жолдарының дұрыс анықталмауы себеп болып отыр. Тексеру жүргізілген 247 мекеменің барлығынан кемшілік шықты, дейді Омархан Өксікбаев. Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша бөлінген қаржының игерілмей қалуы жыл сайын қайталанады. Бұл жоспарлау жүйесінің нашарлығы дейді Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов.

Депутат Өмірғали Кенжебек, бюджеттің шығыс бөлігі бойынша миллиардтаған қаржының игерілмеуі министрліктердің дұрыс жұмыс істемеуінен, жөнсіз тапсырыстардың берілуінен дейді. Оның айтуына қарағанда бюджет кодексіне сәйкес артық қалған мұндай қаражаттар ұлттық қорға кетеді. Біз Семей полигоны бойынша бұрыннан қалған қарызды өтей алмай отырмыз, игерілмей жатқан қаржыны соларға неге жұмсамасқа дейді депутат.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың айтуынша, зейнетақы және бала дүние келуіне байланысты берілетін бір жолғы жәрдемақы есебінен 800 миллион теңге игерілмеген.

Бұған жаңа туылған балаға берілетін жәрдемақыны алу үшін тапсырылатын құжаттардың көптігі, кей жерде балаға туу туралы құжат үлгісінің болмауы себеп болыпты.

Депутат Серікбай Әлібаев, бюджет қаржысын игерілмеуі жыл сайын қайталанады, бірақ оған жауап беріп жатқан ешкім жоқ дейді.

Қаржы министрі Арман Дунаев, игерілмеген 19 миллиард теңгенің 14 миллиард теңгесі обьективтік жағдайлардан болды, бірақ бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің тікелей кінәсінен игерілмеген қаржылар да бар дейді.

Орын алған оқиғалар бойынша қаржы министрлігі жұмыс жүргізеді. Республика бойынша бюджет қаржысын теріс игерген 52 лауазым иесі қызметінен алынды деді қаржы министрі.

Ал, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөннідегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өзі жетекшілік етіп отырған комитетте 40 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 25-і бюджеттің атқарылуына бақылау жасайды. 1998 жылдан бері бюджеттік бағдарламалар екі есе ұлғайды. Оның барлығын қамту мүмкін емес деп отыр.
XS
SM
MD
LG