Accessibility links

Қазақстанда аяғы ауыр аналардың өлімі көбейіп барады


Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде аяғы ауыр кезіндегі түрліше кеселдер мен толғақ уақытындағы сәтсіздіктерден әлемде әр минут сайын бір ана көз жұмады екен. Яғни, жыл сайын осындай жағдаймен 529 мың адам қазаға ұшырап отыр.

Ал Қазақстанда соңғы он жылда 2 мыңнан аса әйел әлгіндей ахуалдың салдарынан қайтыс болған. Бұл көрсеткіш дамыған елдердікімен салыстарғанда әлдеқайда артта қалушылықты байқатады дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты қоныстандыру қорының Қазақстандағы үйлестірушілері. Сондықтан да олар осы мәселенің түпкі себебін зерделеп, салдарымен күресуді ұсынып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты қоныстандыру қорының Қазақстандағы үйлестірушілері соңғы кезде аналар өлімінің республикада өсе түскенін алға тартып отыр. Сол себепті де олар 2015 жылға дейін аяғы ауыр аналардың өлімін 75 процентке азайту қажеттігін мақсат тұтатындықтарын жеткізді. «Ол үшін биылдан бастап, аталған ахуалдың себеп-салдарын саралай бастайтын боламыз» - дейді қордың әйелдер мәселесі бойынша үйлестірушісі Айда Әлжанова.

«Алайда мәселені тым бұлайша өткір қоюдың қажеті жоқ. Алдын – алу шаралары да нәтижесіз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің осы салаға жұмсайтын қаржысының бірінші кезекте 35 проценті әйелдердің денсаулығын жақсартуға бағытталып келеді» - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық орталығының директоры міндетін атқарушы Қазыбек Төлебаев.

Ал Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Сәуле Диқанбаева бұл мәселемен күресті екі жайтқа бөліп қарастырып отыр. Оның бірі аналардың денсаулығын жақсарту шаралары болса, екіншісі аборт мәселесімен күресу дейді ол.

«Осы аборт мәселесі аналардың өлімін шектен тыс көбейтіп жіберіп отыр. Оның бұлайша етек алуына жекеменшік емханалардың үлесі зор» - дейді белгілі дәрігер, Аналар мен балалар денсаулығы орталығының жетекшісі, профессор Нина Каюпова.

ҚР статистика агенттігінің дерегі бойынша, соңғы он жылда жүкті әйелдердің қан аздығы ауыруы 41,9 процеттен 63,4 процентке дейін жеткен. Жалпы Қазақстанда жүктілік , босану кезінде және бала туғаннан кейін жылына 120-150 әйел көз жұмады екен. Бұндай ахуал әсіресе Атырау және Маңғыстау облыстарында күрделі қалпында қалып отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG