Accessibility links

Алматы қаласындағы «Арт-Нават» өнер галереясында «Жанды сөз» деп аталатын шығармашылық кеш болып өтті


Жұма, тамыздың 27-сі күні Алматы қаласындағы «Арт-Нават» өнер галереясында «Жанды сөз» атты жас жазушылардың шығармашылық кеші болып өтті. Гуманитарлық ғылым мен мәдениетті дамытуға арналған «Мусагет» атты қоғамдық қордың қолдауымен өткен кеште Вадим Гордеев, Марат Исенов, Расул Шыбынтаев және Илья Одеговтар жиналған қауымға өздерінің жаңа туындыларынан үзінділер оқыды. «Мусагет» қорының үйлестірушісі Елена Грудницкаяның айтуынша, осындай кештерде озық ойларымен көзге түскен жас жазушылар кейіннен арнайы әдеби семинарларда дәріс алып, оларға сертификаттар берілетін көрінеді. Тақырыпты Алматылық тілшіміз Нұрбол Ғабдылхамит жалғастырады.

«Жанды сөз» шығармашылық кешіне негізінен «Аполлинарий» көркем-әдеби журналының тұрақты авторлары қатысты. Бұлардың барлығы дерлік 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Мусагет» қоғамдық қорының қолдауымен арнайы семинарларды дәріс алыпты. Қордың гуманитарлық бағдарламалар жөніндегі үйлестірушісі Елена Грудницкая: «мұндай кештерді ұйымдастырудағы басты мақсат – жазушыларды оқырмандармен жақынырақ таныстыру» дейді:

- Мұндай шараның негізгі мақсаттарының бірі - авторларды жұртшылыққа таныстырып, сол екеуінің арасында «жанды байланыс» ұйымдастыру болып табылады.

«Мусагет» қоры жазушылық шеберлікке баулитын семинар-дәрістерді Алматы қаласы бойынша жылына екі рет және жылына бір рет Қазақстанның барлық аймағын қамтитын жүйемен ұйымдастырып отырады» дейді Елена Грудницкая. Арнайы ұйымдастырылған байқау қорытындысы бойынша іріктеліп алған жазушыларға Қазақстанның түрлі саладағы ғалымдары 60 мәрте дәріс оқиды. Қор үйлестірушісі Елена Грудницкая осындай тәсілмен жылына 10 жас жазушы арнайы сертификатқа ие болатынын жеткізді:

- Жыл сайын көктем және күз айларында біз байқау өткіземіз. Осы байқау нәтижесінде 10 жазушыны таңдап алып, оқытып шығарамыз.

«Жанды сөз» шығармашылық кешіне келген оқырман қауым жазушылар Вадим Гордеев, Марат Исенов, Расул Шыбынтаев, Илья Одегов және Павел Банниковтардың туындыларын тыңдады. «Арт-Нават» өнер галлереясында мұндай шығармашылық кештер әр айдың соңғы жұмасында өтіп тұрады екен. «Мусагет» қоғамдық қорының гумманитарлық бағдарламалар жөніндегі үйлестірушісі Елена Грудницкая: «аталған қор өнерге қатысты бар деген барлық қоғамдық ұйымдармен әріптестік жасап отырады» дейді:

- Негізінен біздің авторларымыздың көбісі әдебиет, мәдениетпен айналысатын ұйымдарда, сосын бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Сондықтан да болса керек, біз осы ұйымдардың бәрімен де тығыз байланыстамыз.

«Мусагет» қорының қызметкерлері балалар мен жасөспірімдер арасында да осындай байқаулар өткізіп тұрады. Бүлдіршіндердің жазған туындылары ай сайын бір рет түрлі басылым беттерінде жарияланып тұрады» дейді қор үйлестірушісі Елена Грудницкая.
XS
SM
MD
LG